Ерлан Қарин жаңа Конституциядағы Қазақстан Республикасы қызметінің негізгі қағидаттарын атады

АСТАНА. KAZINFORM – Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның кезекті отырысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Жаңа Конституциядағы Қазақстан Республикасы қызметінің негізгі қағидаттарын атады.

Ерлан Қарин Жаңа Конституциядағы Қазақстан Республикасы қызметінің негізгі қағидаттарын атады
Фото: видеодан алынған скрин

Жарты жыл бойғы еңбектің қорытындысын қабылдайтын сәт жақындағанын айтқан Ерлан Қарин Конституцияда ашық талқылаулар арқылы өзгеріске ұшыраған жекелеген баптардың мән-маңызына тоқталды.

– Кеше Жеңіс Махмұтұлы өз сөзінде Қазақстан Республикасы қызметінің негізгі қағидаттары туралы бапқа қатысты ұсыныс айтқан болатын. Бұл – өте маңызды бап, - деді ол.

Айтуынша, жаңа нұсқаның 1-бөлімі 3-бабы енді былай деп жазылған: «Қазақстан Республикасы қызметінің негізгі қағидаттары Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау, адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз ету, жалпы ұлттық бірлікті бекемдеу, халықтың әл-ауқатын арттыру, жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясын орнықтыру, қоғамдық диалогты дамыту, еңбек, прогресс, білім құндылықтарын бекіту, жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру, тарихи-мәдени мұраны сақтау, төл мәдениетті қолдау.

– Байқап отырғанымыздай баптың ауқымы мен аясы айтарлықтай кеңейді. Бұл – мүлдем жаңа бап. Яғни бұл норма жаңа преамбуламен үндесіп тұр. Сондықтан оны Конституцияның жаңа редакциясындағы преамбуламен қатар маңызды норма деп айтуға болады, - деді Мемлекет хатшысы.

Еске сала кетейік, Kazinform агенттігінің сайтында аталмыш отырыстан тікелей эфир ұйымдастырып отыр. 

Айта кетеу керек, жаңа Конституцияның соңғы нұсқасында 95 бап болады.

Соңғы жаңалықтар