Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Ермек Серкебаевтың мұрасын түгендеген кітаптың жаңа басылымы жарық көрді

АСТАНА. KAZINFORM — Ермек Серкебаевтың 100 жылдығына орай әншінің өмірі мен шығармашылығы туралы кітаптың жаңа нұсқадағы басылымы таныстырылды.

Ермек Серкебаевтың мұрасын түгендеген кітаптың жаңа басылымы жарық көрді
Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында Ирина Серкебаева көрнекті әнші Ермек Серкебаевтың туғанына 100 жыл толуына орай жарық көрген «Ермек Серкебаев. И жизнь, и молодость, и счастье. Новые страницы» кітабының екінші басылымын таныстырды.

Автор Қазақстанның халық әртісі, көрнекті опера әншісі Ермек Серкебаевтың өмірі мен шығармашылығына қатысты жаңа деректермен кітап мазмұнын толықтырған. Туындының алғашқы басылымы 2009 жылы жарық көрген.

Ермек Серкебаевтың мұрасын түгендеген кітаптың жаңа басылымы жарық көрді
Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

Екінші басылымда Ермек Серкебаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы тың деректер қамтылған. Кітапқа өнер иесі өмір сүрген кезең, ұстаздары, камералық музыка, қазақтың халық әндері туралы жаңа бөлімдер енгізілді. Сондай-ақ әншінің дискографиясы ұсынылған. Кітап Серкебаевтар, Қорғановтар-Шамаро және Брюкнер әулеттерінің жеке мұрағаттары мен естеліктері негізінде дайындалған.

Жаңа басылымды әзірлеу барысында әншінің ұстаздарының өмір жолы да қосымша зерттелді. Таныстырылым кезінде Ирина Серкебаева жеке және отбасылық мұрағаттағы бірегей фотосуреттерді, аудио және бейнематериалдарды көпшілік назарына ұсынды. Бұл материалдар Ермек Серкебаевтың балалық және жастық шағынан бастап, өнердегі алғашқы қадамдары мен шығармашылық биіктерге көтерілген кезеңдеріне дейінгі өмір жолын таныстырады.

Ермек Серкебаевтың мұрасын түгендеген кітаптың жаңа басылымы жарық көрді
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Кеште Ермек Серкебаевтың замандастары, әріптестері мен шәкірттері әнші туралы естеліктерін бөлісті. Театр әртістері музыкалық бағдарлама ұсынып, оған Қазақстанның халық әртісі Шахимардан Әбілов пен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Жәмилә Серкебаева да қатысты.

Еске салайық, бұған дейін Астанада Қазақстанның халық әртісі, көрнекті опера әншісі Ермек Серкебаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған «Ғасыр дауысы» атты мерейтойлық музыкалық кеш өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев концерт қатысушыларына құттықтау жолдаған еді.