Ерназар Жұбан «Новая волна — 2025» байқауында үшінші орынға ие болды
АСТАНА. KAZINFORM — Әнші «Новая волна» додасында лайықты өнер көрсетіп, үшінші орынды еншіледі. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады.

Ерназар Жұбан өткен жылы ол Витебск қаласында өткен «Славян базары» халықаралық вокал байқауында бірінші орынды жеңіп алған еді.

Сонымен қатар бұдан бұрын отандық өнерпаз Александр Лим «Новая волна — 2025» халықаралық жас орындаушылар байқауында жеңімпаз атанғанын жазған едік. Ол — осы фестивальде жеңіске жеткен алғашқы қазақстандық.
Әртіс әлеуметтік желілерде кавер-видеоларымен танымал болды. Әнші орыс, ағылшын, итальян, түрік және басқа тілдерде хит әндерді орындап, видеолары мыңдаған қаралым жинаған.
2018 жылы Александр «I’m a singer Kazakhstan» байқауына қатысып, жартылай финалға жетті. 2021 жылы ол танымал «Голос Украины» шоуына қатысып, Надежда Дорофееваның жетекшілігімен жасырын тыңдалымнан сәтті өтіп, нокаут кезеңіне дейін өнер көрсетті.
— Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі өнерпаздарды жарқын жетістіктерімен шын жүректен құттықтайды және жас әншілердің кәсіби өсуіне үнемі қолдау көрсетуге дайын. Бұл жеңіс ән өнерінің дамуына сеп болып, еліміздің әлемдік деңгейде өз орнын нығайта түсері сөзсіз, — делінген хабарламада.
Осыдан бұрын Қазан қаласындағы халықаралық «Новая волна» әншілер байқауына қазақстандық Даниал Жұмақанов та қатысып жатқанын жаздық.