Өмірде қалай табысты әрі бақытты болуға болады — 98 жастағы қария өз құпиясымен бөлісті

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе қаласының 98 жастағы тұрғыны Жолдыбай Тілеулі 13 жасынан бастап еңбекке араласып, теміржол саласында жұмыс істеді. Әскери борышын өтіп келген соң да осы салада еңбек етіп, 7 кластық білімімен техниканың тілін меңгерді. Көпті көрген қарт еңбек қана адамды табысқа жетелейтінін айтты.

Жолдыбай ата
Фото: Алтынай Сағындықова \Kazinform

Жолдыбай Тілеулі 5 қызды тәрбиелеп өсірген әке. Қазіргі кезде де сол қыздарынан тараған жиендеріне қарайлап, далаға шыққан кезде олардың амандығын бақылап отырады. Көзі көреді, құлағы естиді, өз бетімен жүреді. Ғасырға жуық жасаған қария зейнеткерлікке теміржол саласынан шыққан. Кейін тыңайтқыш өндіретін фабрикада ұзақ жыл еңбек етті. 

— Мұғалжар ауданы Жұрын стансасында еңбек еттім. Теміржолдағы шағын стансада кезекшісі болып жұмыс істедім. Сол жерде 40 жыл еңбек етіп, зейнетке шықтым. Зейнетке шыққан соң Қандыағаш қаласындағы Шилісай тыңайтқыш өндіретін фабрикасында 12 жыл жұмыс істедім. Бес қызым бар. Кейін балалар қалаға келіп, мен де осында қоныс аудардым. Соғыс жылдары біздерді әскерге алмай, тылда қалдырды. Өз еркімізбен сұранып едік, болмады. Содан соғыс бітті, 1948 жылы 2 жарым кластық білімім бар маған «сауатың жоқ» деді. Үш айлық оқуға жіберіп, 7 класты аяқтауға, құжат алуға мүмкіндік берді. Кейін әскерге алып кетті. 1952 жылдың аяғында елге оралғанда халықтың әл-ауқатының жақсарғанын көрдім. Қайта теміржол саласына кірісіп, 1987 жылға дейін кезекші қызметкер болып еңбек еттім. Қазір бәрі жақсы. Киім көк, тамақ тоқ, — деді ақтөбелік тыл ардагері Жолдыбай Тілеулі.

Тыл еңбеккері бірнеше кезеңді бастап өткерді. Соның ішінде өлшеммен нан жеген күндері де болды.

— Негізі әкелеріміз Шалқар ауданының тумасы. Кеңес үкіметі құрылмай Жұрын стансасына келген. Жұрында жұмыс істеп, сабан тепті. Кеңес үкіметінің құрылғанын көзімізбен көрдік. Халықтың малын үкімет алды. Бір сиыр, үш қой қалдырды. Өте жаман жағдай болды. Халқымыздың бас көтерген молдаларына бүйедей тиіп, алып кетті. Ол уақытта қазіргідей сот, прокурор жоқ. Милиция өздері тергеп, пәлен жылға деп қоя беретін. Ат арбамен апарады. Ал соғыс кезінде адам басына 8 грамм нан береді. Отбасына — 200 грамм. Оған қарын тойдырмайды. Әкелген нанды бірден жеп қойып жүреміз. 2-3 күн тамақ татпаған күндер де болды. Әйтеуір сиыр сауып, сүтті айран қылып іштік. Үстімізде бүтін киім болмады. Ол кезде шалбардың кейбірі марлыдан тігілді. Бір аптада жыртылып қалады. Оны жамайтын жамау да жоқ. Қолға киетін қолғап та таппайсың. Сөйтіп күн көрдік. Қазір рахат, не ішем, не кием демейсің. Соның өзінде адамдардың көңілі толмайды. Жұмысқа шықпай қалу, бармай қалу болмайды. Тек «құртам» деп айтады. Мен 13 жасымнан бастап жұмыс істедім. Мұғалімдер әскерге кетіп, дұрыс оқи да алмадым. Қазір айтсақ, жұрт нанбайды, — деді қарт.

Уақыт өте бұл қиындықтың бәрі ұмытыла бастаған. Тіпті кей кезде ол күндер көрген түстей елестейді. 

— Бүгінде сондай қиыншылық көрген сияқты емеспін. Қазір 98 жастың нанын жеп отырмын. Кітап оқимын. Арабша да білемін. Араб тілін қартайғанда үйрендім. Жиеншарларға да қараймын. Олар далаға шыққанда бақылап отырамын. Теміржолда жұмыс істеп жүргенде жылына екі рет берілетін тегін билетті пайдаланып, талай ел көрдім. Сауда-саттықпен де айналыстым. Адам үнемі еңбек етуі керек. Ерінбесең жақсы күн көресің, жалқау болсаң жоқшылықтан арылмайсың, — деді Жолдыбай Тілеулі.