Ертең елордада «Рухани мәдениет - әлемдік жаңартудың кілті» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді
АСТАНА. 17 қазан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Ертең елордада рухани келісім күні мерекесіне орай «Рухани мәдениет - әлемдік жаңартудың кілті» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.
Бұл туралы бүгін Астанада Бүкіләлемдік Рухани мәдениет форумы президиумының мәжілісінен соң, осы президиум мүшелерінің қатысуымен болған баспасөз мәслихатында сенатор Төлеген Мұхамеджанов мәлім етті.
Президиум өкілдерінің мәліметтерінше, ертең елімізде өтетін халықаралық конференция 2013 жылы өтетін форумға дайындық болмақ. «Біз ертең өтетін жиынның қарарын дайындадық. Бұл құжатта біздің өткен жылғы жиында көтерілген бастамаларды қолдап, оларды жетілдіретіндігіміз айтылған. Сонымен қатар, қарарда біз өзіміздің болашақ бағыттарымызды айқындадық. Осылайша біз 2013 жылы өтетін форумға тыңғылықты дайындалып жатырмыз. Жалпы алғанда, біз форумға дайындық шараларын бүгіннен бастадық», - дейді президиум өкілдері.
Халықаралық конференцияда бірқатар құжаттар қабылданады деп күтілуде. Сонымен қатар жиынның бағдарламасына сәйкес, «Мерекелік келісім туралы сөз» деген тақырыппен мерекелік кеш ұйымдастырылады. Сондай-ақ әйгілі режиссер Арманда Ассантенің «Қазақстан. Бүкіәлемдік мәдениет форрумы» атты деректі фильмінің тұсауы кесіліп, үлкен мерекелік концерт өтеді. Сондай-ақ конференцияға қатысу үшін Астанаға әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған меймандар елордамыздың діни орындары мен сәулетті нысандарын аралайды.