Ертең Қызылорда өзінің 195 жылдығын тойлайды

Негізінде, Сыр бойының бас қаласының мерейтойын тойлау қазан айының 1-інен басталды. Осыған байланысты облыс орталығы мен оған қарасты елді мекендерде күн сайын алуан түрлі шаралар өтіп жатыр. Міне, осы мерекенің шарықтау шыңы 8-10 қазан күндерімен тұспа-тұс келгелі тұр. Бұл күндері облыс орталығына аудандардан жеткен мерекелік шашулар орын алады. Атап айтқанда, ертең сағат 18.30-да Байқоңыр қаласының өнерпаздары А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде концерт береді. Ал қазанның 9-ында сағат 9 бен 9.30-да Жаңақорған, Жалағаш және Шиелі аудандарының облыс орталығына сыйға тартқан аллея-скверлерінің ашылу рәсімі өтеді. Оның аясында концерт, көрме және қайырымдылық шаралары ұйымдастырылады.
«Сол күні сағат 17-де Орталық стадионда Қазақстан футболының негізі қаланғанына 100 жыл толуына орай футбол жұлдыздарының жергілікті командалармен жолдастық кездесуі болады. Көрермендер сондай-ақ арнайы әзірленген қойылымды, гала-концерт пен отшашуды тамашалайды. Ал сағат 19-да «Жібек жолы» сауда-сауық орталығының кинозалында режиссер Қ.Ахметовтің «Сіз кімсіз, Ка мырза?» көркем фильмінің тегін көрсетілімі болады», - делінген хабарламада.
Бұдан әрі Арал, Қазалы, Қармақшы, Сырдария аудандарының өздері үшін белгіленген орындарда мерекелік тарту жасайтыны айтылған. Аталмыш аудандар өкілдері мұны қайырымдылық шарасы ретінде ұйымдастырып, аллея-скверлер ашады. Осының қабатында тұрғындар мен қонақтар назарына көрме ұсынады.
Мерекелік көңіл-күйді Н.Бекежанов атындағы театрда сағат 15-те «ҚазГерМұнай» БК ЖШС-нің 20 жылдығына орай өткізілетін республикалық ақындар айтысы мен сағат 19-да «Сыр Ана» монументі маңында Қазақстанға танымал өнер жұлдыздарының қатысуымен болатын «Ән тербеген Қызылорда» ретрофестивалі одан әрі көтере түседі.
«Қала күніне орайластырылған мерекелік шаралар шымылдығы 11 қазанда Орталық алаңда Гала-концертпен жабылады», - деді баспасөз қызметіндегілер.