Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Ертіс-Баян өңірінде 9 ауылдың тұрғындары әлі күнге ұялы байланыссыз отыр

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар облысындағы 345 елді мекеннің 336-сы ұялы байланыспен қамтылған. Бұған қоса бір ауыл интернет желісіне қосылмаған.

Ертіс-Баян өңірінде 9 ауылдың тұрғындары әлі күнге ұялы байланыссыз отыр
Фото: ЖИ және цифрлық даму министрлігі

Павлодар облыстық цифрлық технологиялар басқармасының дерегінше, 2025 жылы Успен ауданының Богатырь мен Белоусовка, Аққулы ауданының Жамбыл, Ақсу қаласына қарасты Айнакөл және Павлодар ауданының Қаракөл ауылдары 4G желісімен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ Қараағаш, Қызылқақ, Сілеті, Шабар және Сынтас ауылдарында антенна-мачталық құрылыстар бой көтерген. Ұялы байланыс операторы тиісті құрылғыларды орнатқаннан кейін бұл елді мекендердің тұрғындары 4G LTE стандартындағы желіге қол жеткізеді.

— Инвестициялық жоба аясында республикалық маңызы бар автокөлік жолдарының бойында 12 антенна-мачталық құрылыс салу көзделген. Бұл тас жолдарда да, оған іргелес елді мекендерде де ұялы байланыс сапасын едәуір жақсартуға мүмкіндік береді, — деп хабарлады басқармадан.

Дей тұрғанмен 9 ауыл әлі де ұялы байланыссыз отыр. Ал Баянауыл ауданының Ақши ауылында интернет жоқ. Май ауданының Саты және Успен ауданының Тобылжан ауылдарын ұялы байланыспен қамтамасыз ету мерзімі ұзаққа созылып кеткен. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар антенна-мачталық құрылғыларын орнатып қойған Қызылқақ, Сілеті, Қараағаш, Шабар, Сахновка және Балтасап ауылдарында 4G LTE желісін іске қосу созбаққа салынып келеді.

Еске сала кетейік, Түркістан облысында 32 елді мекен мобильді интернетпен қамтылмаған.