Ертіс орманы: өртенген байлықтың орны тола ма
ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Еліміздің теріскейіндегі табиғи мол байлық - «Ертіс орманы» резерватындағы жалқарағай ормандарын көзіміздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа қалдыру мәселесі бүгінде аса өзекті. Соңғы 21 жылда резерват орманшыларының еңбегі нәтижесінде жанып кеткен ағаштардың 45 мың гектардан астамы қайта қалпына келтірілген. Дейтұрғанмен, облыстың орман қорғау саласында көшеттердің жетіспеушілігі, материалдық-техникалық базаның тозуы, кадр тапшылығы, өрттің алдын алуға қажет арнайы жабдықтардың аздығы байқалып отыр.
Өртенген орманның жартысынан астамы қалпына келтірілді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында Қазақстанның бірегей жануарлар және өсімдіктер әлемін сақтау мәселесі әрдайым өзекті болып қала беретінін атап өткен еді.
«Мемлекет алдағы уақытта да кең байтақ даламызды және орманымызды өрттен қорғау үшін барлық қажетті шараны қабылдайды. Қазақстанның табиғаты өте бай және алуан түрлі. Алайда орман-тоғайлар жеріміздің 5 пайызын ғана алып жатыр. Табиғаттың әр алуандығын сақтау үшін біз орман алқаптарын көбейтуіміз қажет. Бұл міндет еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін де өте маңызды. Елімізді көгалдандыру жұмысының қарқыны жаман емес. Тоқтап қалмай, оны жалғастыру қажет. «Семей орманы» аясында орман тұқым бағы бар. Бұл – Орталық Азиядағы халықаралық озық талаптарға сай көшет өсіретін бірден-бір кешен. Осы жобаны басқа да орманды аймақтарда жүзеге асырған абзал. Орман-тоғайды көбейту бүкіл елді жұмылдыратын нағыз халықтық идеяға айналуы керек», - деді Президент.
«Семей орманымен» ұштасып жатқан Павлодар облысындағы «Ертіс орманы» резерватының алдында бүгінде зор міндеттер тұр. Айрықша қорғалатын аумақтың жалпы ауданы - 277 961 гектар болса, оның ішінде орманмен көмкерілген жерлер - 163 296 гектар. Сырт қарағанда, бұл цифрлар аса көп болып көрінбегенімен, шын мәнінде жалқарағай ормандарын сақтау - өте жауапты іс.
Ертіс бойындағы қара орман өткен ғасырдың 90-жылдары аса көп қасірет тартты. Тәжірибелі орманшылардың сөзіне сүйенсек, тәуелсіздік алғаннан бергі жылдары өңіріміздегі жалқарағай ормандарының 40 пайызынан айырылып қалыппыз. Шамамен 72 мың гектардан астам қарағай ормандары алапат өрттен жанып кеткен. Осыдан-ақ аймақ экологиясы мен табиғи байлығына қаншалықты орасан зор шығын келгенін білуге болады. 2003 жылы резерват құрылғанда ормандағы өртті азайтып, ағаш белдеулерін көбейту мақсат етілген еді. Бүгінде сол шығынның біраз бөлігі бүтінделді, яғни 21 жыл ішінде 45 435 гектар алқапта орманды қалпына келтіру және ағаш өсіру жұмыстары жүргізілді.
Маман тапшылығы - бөгеу
«Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты бас директорының міндетін атқарушы Қазбек Әметовтің айтуынша, биыл 3 мың гектарға жуық жерге қарағай көшеттерін отырғызу жоспарланған.
- Резерваттың 2024 жылға арналған ормандарды молықтыру мен орман өсірудің кешенді жоспарына сәйкес, 2828 гектар алаңда орман көшеттерін отырғызу жоспарланған. Отырғызу материалының жалпы саны - 14 млн 568 мың дана. Жартысын көктемде отырғызсақ, қалғанын күзде егеміз. Жалпы орман қорғау бағытындағы жұмыстарымыз жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Дейтұрғанмен, біздің мекемеде мамандар жетіспеушілігі бар. Маусымдық жұмыскерлер, оның ішінде мұнара бақылаушылары, өрт сөндірушілер, көлік жүргізушілері, трактор жүргізушілері жетіспей жатады. Бұл мәселені enbek.kz порталы, жұмыспен қамту орталықтарымен, жергілікті әкімдіктермен біртіндеп шешіп жатқан жайымыз бар. Торайғыров университетімен және Павлодар мемлекеттік технологиялық колледжімен орман шаруашылығы мамандарын дайындау туралы келісімшарт бар. Ал бүгінде қызметкерлердің штаттық саны - 307 адам. Оның ішінде 285 адам - мемлекеттік инспектор. Қызметкерлеріміздің орташа жас шамасы - 40-45 жас, - дейді мекеме басшысы.
Соңғы жылдары орман шаруашылықтарын қажет техникамен қамтамасыз ету жақсара түскен. Резерватта 39 өрт сөндіру және 21 патрульдік техника, 85 трактор (оның ішінде 37 өрт сөндіру тракторы) бар. Бұл - бекітілген нормативтердің 100 пайызы. Биыл LOVOL-1054 маркалы сегіз трактормен және бір ГАЗ 3308 АЦ маркалы өрт сөндіру машинасымен толықты. Сондай-ақ JAC маркалы бір патрульдік автомашина сатып алынды. Тағы 7 трактор, 34 бірлік Jac T6 шағын орман өртін сөндіру кешенін сатып алу жоспарланып отыр.
Жаңа жүйе орман өртін азайтты
Биылғы жаз «Ертіс орманындағы» орман күзеті үшін жайлы өтті деуге болады. Жылдың алғашқы 9 айында 38 өрт оқиғасы тіркелді. Оның 33-і найзағай салдарынан тұтанған. Жалпы орман алқабының 4,3 гектарына 1 млн теңгеден астам материалдық шығын келтірілді. Орман өртінің туындауына себеп болған екі адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ірі көлемде айыппұл арқалады. Биыл бюджеттен 2 млрд теңге бөлініп, орман өрттерін ерте анықтау және алдын алу мақсатында тепловизорлар және жоғары сапалы бейнекамералары бар 23 мұнара орнатылды.
Орман өрттерін ерте анықтау жүйесі – орман мониторингіне арналған бағдарламалық-аппараттық кешен. Осы кешен шұғыл түрде іс-шараларды қабылдауға және өрт қауіптілігі жоғары маусымда орман өрттерінен болатын залалды айтарлықтай азайтуға мүмкіндік берді. Өртті анықтау тәулік бойы 360 градусқа қарайтын және 30 км дейінгі радиуста жағдайды тіркейтін бейнебақылау камераларының көмегімен жүзеге асырылады.
«Бақылау аумағы 10 мың гектарға дейін жетеді. Мұнаралар метеорологиялық мониторинг жүргізетін және найзағайлардың түсуін тіркейтін жүйемен жабдықталған. Аталған жүйе тәулік бойы жұмыс істейтіндіктен орман өрттерін анықтап қана қоймай, орман заңнамасын бұзушыларды да анықтауға мүмкіндік береді. Камералар түсірген бейнежазбалар 30 тәулікке дейін сақталады», - дейді мекеме басшысы.
Мораторийдің теріс әсері де бар
Бұған дейін Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұйрығымен 2029 жылдың 1 қаңтарына дейін «Ертіс орманы» табиғи резерватында ағаштарды кесуге тыйым салынғаны мәлім. Алайда ормандағы ағаштар мен бұталардың барлық түрі бойынша кесуге тыйым салу сау екпелердің кебуіне және зақымдануына әкеліп соқтыруы мүмкін екен. Резерват мамандарының пікірінше, мораторийді енгізу ормандардың өсуіне және сақталуына теріс әсер етеді. Себебі, жыл сайын үлкен аумақтарда ағаш діңдері қурап жатады. Оларды уақытында тазалап отырмаса болмайды. Сондықтан комитет алдағы уақытта бұл мәселені ескере отырып, белгілі бір санитарлық өзгерістер қабылдайды деген үміт зор.
Айтып өтейік, мекемедегі ғылым ақпарат және мониторинг бөлімінің мамандары жыл сайын өсімдіктер әлеміне түгендеу жұмыстарын жүргізеді. Биылғы зерттеу қорытындысы бойынша бұрын-соңды кездеспеген өсімдіктің 15 түрі анықталды, бірақ олар Қызыл кітапқа енгізілмеген. Негізі жалқарағай ормандарында өсімдіктердің 232 түрі өседі, оның 7 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына еңгізілген. Атап айтқанда, «көктемгі адонис», «ұйқышөп», «сары ұйқышөп», «бұғы кладониясы», «селеу», «кәдімгі емен», «Павлов итмұрыны». Резерват аумағын бұлан, елік, қасқыр, қоян, түлкі, сілеусін, қарсақ, борсық, тиін, құр, шіл мекендейді. Мұнда еліміздің Қызыл кітабына енген орман сусары, бүркіт, безгелдек, үкі, ителгіні ұшырастыруға болады.
Облыстың орман қорғау саласында қандай мәселелер бар?
Статистикалық деректерге сүйенсек, соңғы бес жылда Павлодар облысындағы орман шаруашылықтарында ағаш ұрлығына қатысты 216 оқиға тіркеліп, мемлекетке жалпы сомасы 64,6 млн теңгеден астам залал келтірілген. Іс жүзінде табиғи орман қорының 2766,3 текше метрі оталып кеткен. Бұл - аз шығын емес.
Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Руслан Төлепбаевтың айтуынша, соңғы жылдардағы қуаңшылық салдарынан егілген тал-теректердің басым бөлігі қурап қалған. Бұған қоса, орман алаңдарында малдың бақылаусыз жайылатыны, орман өрттері, облыс әкімдігі қарамағындағы үш орман мекемесінде тұрақты орман тәлімбақтарының болмауы да бұл мәселені ушықтырып отыр.
- Аймақта үш тәлімбақ бар, олардың екеуі - «Ертіс орманында», біреуі - Баянауыл ұлттық паркінде. Бұл екі табиғи қорғау мекемесі өз қажеттіліктерін толық өтейді, ал облыс әкімдігіне қарасты үш орман мекемесі ағаш отырғызуға арналған материалды мемлекеттік сатып алу порталы арқылы алуға мәжбүр. Президенттің ормандарды молықтыруды ұлғайту жөніндегі бағдарламасына байланысты соңғы 4 жылда көшеттерге деген сұраныс артты. Алайда мемлекеттік сатып алулар көбіне созылып, көшеттер орман тұқымдарын аудандастыру қағидаларына сәйкес қабылданбайды. Тасымалдау кезінде ағаштардың тамыр жүйесі құрғап кетеді, тасымалдау регламенті сақталмайды. Сондықтан көшеттер өзіміздің тұқымдардан, өзіміздің бүршіктерден алынуы керек. Тек солай ғана тіршілікке бейімділікті арттырып, орман қорын көбейтуге болады. Ал қазіргі уақытта үш орман шаруашылығы мекемесінде көшеттер тапшылығы 722,2 гектар алқапта байқалады, - дейді инспекция басшысы.
Бүгінде Орталық Азиядағы жалғыз халықаралық стандарттарға сәйкес ағаш отырғызуға арналған материалдарды өсіру бойынша орман-тұқымдық кешен «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының базасында жұмыс істейтінін атап өткен абзал. Бұл жоба Қазақстанның алты орман аймағында жүзеге асырылып, оған Павлодар облысы да енген. Әкімдік қарамағындағы орман қорғау мекемелерінің базасында жабық тамыр жүйесі бар отырғызу материалдарын өсіретін тәлімбақтар құру жоспарланып отыр. Бұл жобаны қаржыландыру көзі ретінде Өнеркәсіпті дамыту қоры пайдаланылып, қаржыландыру лизинг және несиелеу арқылы жүргізілмек. Жоғары технологиялы орман кешендерін құру көшет материалдарын жылдам және сапалы өсіруге мүмкіндік береді. Нәтижесінде ол орман алқаптарын көбейтуге оң әсер етеді деген сенім артылып отыр.
Жалпы, Павлодар облысы аумағындағы 478,7 мың гектар орман қорына небәрі 625 адам жауапты. «Ертіс орманы» мен Баянауыл ұлттық табиғи паркінде өртке қарсы техникамен қамтамасыз ету деңгейі 100% болса, жергілікті орман мекемелерінде небәрі 84% ғана.
- Техниканы жаңарту жұмыстары жүргізіліп, оның ішінде орман өрт сөндіру стансаларының модульдері сатып алынып жатыр. Алайда резерват пен ұлттық парктегі техниканың 80%-ға жуығы ескі, яғни қолданыс мерзімі өткен. Сонымен қатар, 11 орман шаруашылығында өртке қарсы қызмет үшін қоймалар мен өрт сөндіру құралдарын сақтауға арналған ғимараттар жетіспейді немесе талаптарға сай келмейді. Бұл ғимараттардың барлығы 1960-1970 жылдары салынған. 2023 жылғы 1 шілдеден бастап орман қорғау қызметкерлері мен маусымдық жұмысшылардың жалақысын екі есеге ұлғайту шараларына қарамастан, облыстағы орман шаруашылықтарында жоғары білікті кадрлардың жетіспеушілігі мәселесі шешілмеген. Әсіресе, шалғайдағы орман шаруашылығы бөлімшелерінде бұл мәселе өзекті болып отыр. Кадр тапшылығы тұрғын үй мен әлеуметтік қолдаудың (көтерме ақы, жағдай жасау) жеткіліксіздігінен туындайды. Бұл жас мамандардың ауылдық жерлерде жұмыс істеуге келуіне кедергі келтіріп отыр, - деп қалыптасып отырған мәселелерді ашық жеткізді Руслан Төлепбаев.
Орманшыларды ынталандыру жетіспейді
Бір кездері «Ертіс орманы» мекемесін басқарған тәжірибелі орманшы, еңбек ардагері, Аққулы аудандық мәслихатының депутаты Төлеген Шакарманов соңғы 20 жылда жоғалтқан орман қорын қайта қалпына келтіруге болады деген пікірде.
- Резерваттағылар алдағы жылдары қарағай көшеттерін егу, орманды күзету жұмыстарын жүйелі ұйымдастырып, орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасы нығайтыла берсе, көп нәтижеге қол жеткізуге болады. Алайда мекеменің басшылығы жиі ауысуы соңғы жылдары белгілі бір келеңсіздіктерді тудырып отыр. Бұған дейінгі басшыларының кейбірі заңсыздыққа жол беріп, сотталып кетті. Орман ұрлығы белең алып, көлдеңен көк аттылар ойларына келгенін жасады. Бұл бейбастақ әрекеттердің соңғы жылдары азайғаны байқалады. Ендігі ретте орман күзетін нығайтып, құқықтық тұрғыдан жауапкершілікті күшейте түсетін арнайы заңдар қабылдануы керек. Ал орманшылардың мәртебесін көтеріп, еңбекақыларын өсірген абзал. Сонда ынта да, жұмыс көрсеткіштері де арта түседі, - дейді сала ардагері.
Шынында орманшының еңбегі ауыр, сонысына қарамастан жалақылары өте аз. Жазғы уақыттағы өрт қауіпті кезеңде орманшының тағдыры бір өртте қиылып кете баруы мүмкін. Алайда сондай алапат мезгілде бастарын бәйгеге тігетін қызметкерлерге ешбір қосымша төлемақы қарастырылмайды. Табиғат берген мол несібені осы күйінде сақтап қалу үшін оны қорғаушылардың адал еңбегі де лайықты ескерілуі керек. Мамандардың айтуынша, қалпына келтірілген орман жамылғыларын шаруашылыққа пайдалану үшін кемінде 70-75 жыл уақыт қажет. Ал Павлодар облысындағы жалқарағай ормандарының аумағы - еліміздегі жалпы орман қорының небәрі 0,04 пайызы ғана. Онсыз да аз ғана реликті орманға стратегиялық табиғи байлық ретінде қарайтын уақыт жетті.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ертіс орманын өрттен қорғау жүйесі әлсіз екенін, ескі стансалар мен техника тілсіз жауға төтеп бере алмай отырғанын жазған едік.
Ал Ертіс орманын отап сатқан бұрынғы бас директор 150 млн теңге залал әкелген.