«Ертіс орманында» 2029 жылға дейін ағаш кесуге тыйым салынды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - «Ертіс орманы» табиғи резерватында 2029 жылға дейін ағаштың барлық түрін кесуге тыйым салынды. Бұл туралы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің арнайы бұйрығы шықты.

Ертіс орманы резерваты
Фото: Ертіс орманы резерваты

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының 10 қыркүйектегі 27-03/249-НҚ бұйрығымен «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты аумағында ағаш кесудің барлық түріне тыйым салынды.

«Осы бұйрық қолданысқа енгізілген күннен бастап 2029 жылғы 1 қаңтарға дейін «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты республикалық мемлекеттік мекемесіне мемлекеттік орман қоры учаскелеріндегі екпелерде орман кесудің барлық түрлеріне (өтімді қоқыстарды жинаудан, тілмелерді кесуден және орман күтімін кесуден басқа) тыйым салу енгізілсін»,- делінген құжатта.

Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы аталған бұйрықтың орындалуын бақылауды қамтамасыз етеді.

«Ертіс орманы» резерваты Шалдай және Бесқарағай орман шаруашылықтарынан, оның ішінде 16 орманшылықтан тұрады. Орман жамылғысының жалпы аумағы 177 мың гектар. Қорғалуы жағынан аса құнды орман алқаптары санатына жатады. 2023 жылы прокуратура резерват аумағынан 331 текше метр көлемінде заңсыз ағаш кесілгенін анықтады.

Еске сала кетейік, жыл басында «Ертіс орманы» басшысы пара алды деген күдікпен қамауға алынды.

Кейін Ертіс орманын отап сатқан бас директор 150 млн теңге залал әкелгені анықталды.

Бұған дейін резерват аумағындағы ескі стансалар мен техникалардың мәселесі туралы талдап жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар