«Ертіс орманында» қар тоқтату жұмыстары жүргізіліп жатыр
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Орманшылардың айтуынша, бұл жағдай көктемде топырақ ылғалдылығын жоғарылатып, орман екпелерінің сақталуына септігін тигізетін көрінеді.
Ә.Бөкейхан атындағы қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары орман екпелерінің жерсінбеуінің басты себептерінің бірі топырақтағы ылғал қорының жеткіліксіздігі екенін анықтаған. Бұл мәселені шешудің тиімді жолдарының бірі — қар тоқтату шараларын жүргізу.
— Қыс мезгілінде қар жамылғысын белгілі бір аумақта жинақтап, көктемде еріген судың топыраққа сіңуін қамтамасыз ету арқылы ылғал қорын арттыруға болады. Бұл әдіс топырақтың ылғалдылығын сақтауға, өсімдіктердің тез тамырлануына және екпелердің өміршеңдігін арттыруға оң әсер етеді. Осы мақсатта бүгінде Шалдай филиалының Сейтен орманшылығы аумағындағы 15 гектар алаңда қар тоқтату жұмыстары жүргізілді. Бұл бағыттағы шаралар ары қарай жалғасын таба бермекші, — деп хабарлады «Ертіс орманы» резерватынан.
Қазір резерваттағы қар жамылғысының биікті 15-25 сантиметр аралығында. Оны жинау үшін арнайы техникалар жұмылдырылған.
Бұған дейін Ертіс орманынан қыста қандай құстарды кездестіруге болатынын жазғанбыз.