Ертіс өзенінде жоғалып кеткен Ресей азаматының мүрдесі табылды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Құтқарушылар 1990 жылғы ер азаматтың денесін Ертіс өзенінен алып шыққан. Марқұм 28 мамыр күні суға түсіп жүріп жоғалып кеткен еді.

Ертіс өзенінде әкесі мен баласы құтқарылды
Фото: Павлодар облысы ТЖД

Павлодар облыстық төтенше жағдай департаменті құтқарушылар өзеннен екі адамның мүрдесін алып шыққанын хабарлады.

— 1 маусым күні Ертіс ауылының маңында, Ертіс өзенінің бір саласының жағалауынан құтқарушылар 1990 жылы туған әйелдің мәйітін судан алып шықты. Әйел 18 мамыр күні белгісіз жағдайларда суға батып кеткен болатын. Сондай-ақ осы күні Ертіс өзенінің Павлодар қаласы аумағында жедел-құтқару жасағының құтқарушылары Ресей Федерациясының 1990 жылы туған азаматының денесін судан алып шықты, — деп мәлімдеді департаменттен.

Іздестіру жұмыстары төтенше жағдай қызметкерлері мен полицейлердің бірлесуімен жүргізілген. Өңірлік төтенше жағдай департаментінің мамандары шомылу маусымы басталғалы бірнеше адамның суға кеткенін жеткізді. Олардың өліміне суға тусуге тыйым салынған жерлерде шомылу, өз мүмкіндіктерін асыра бағалау және спирттік ішімдік ішкен күйде суға түсу себеп болған.

— Құтқарушылар өңір тұрғындары мен қонақтарын судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға, алкоголь ішімдік ішкен күйде суға түспеуге, жабдықталмаған жерлерде шомылмауға және балаларды су айдындарының жанында қараусыз қалдырмауға шақырады. Қарапайым сақтық шаралары адам өмірін сақтап, қайғылы жағдайлардың алдын алуға көмектеседі, — деп қосты департаменттен.

Бұған дейін Ресейден Павлодарға қонаққа келген ер адам Ертіс өзенінде жоғалып кеткенін жазғанбыз.