Ертіс өзеніне су босату: Павлодар облысының әкімдігі түсінік берді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Өңірлік әкімдіктің мәліметінше, биыл Ертіс өзенінің жайылмасына 7 млрд текше метрден кем су жіберілмейді.

Павлодар облысы әкімінің орынбасары Әйгерім Қабылтаева Шығыс Қазақстандағы су қоймаларынан су босатудың көлемі мен мерзімдеріне қатысты өзгерістер бар екенін хабарлады.
- Ертіс өзеніне су босату, сәйкесінше өзеннің ойлы жерлеріндегі жайылмаларды тіршілік нәріне қанықтыру жоспары былтырғыдан көп болмаса, кем болмайды. Былтыр жоспарлы 6,2 млрд текше метр судың орнына нақты түрде 6,7 млрд текше метр су босатылғаны мәлім. Ал биыл алдын ала болжам бойынша жіберілетін судың көлемі 7 млрд текше метрден кем болмайтынын айтқым келеді. Себебі Ертіс өзені жайылмасындағы экологиялық теңгерімді ұстап тұру үшін көктемгі су босату шарасының маңызы аса зор. Бұл бойынша ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрімен сөйлесілді. Ведомствоаралық комиссияның отырысы 4-5 сәуір күндері өтіп, 8-9 сәуір күндері су босату шараларын бастап кетеміз деген жоспар тұр, - дейді Әйгерім Қабылтаева.
Қазгидрометтің алдын ала болжамы бойынша, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының аумағында сәуір айы жылы және жауын-шашынды болады деп күтілуде.
Осыған байланысты бассейндік инспекциямен бірлесіп жіберілетін судың көлемі пысықталып, кестесі әзірленген. Оған сәйкес жіберілетін 7 текше километр су секундына 3500 текше метр жылдамдықпен ағуы керек. 8 сәуірде дайындық кезеңі басталса, негізгі кезеңі 13 сәуірден 2 мамырға дейін 20 тәулікке жоспарланған. Жіберілетін судың бұл көлемі жайылма алқабының шамамен 85% басады деп болжануда.
Мамандардың айтуынша, босатылатын ағынның жылдамдығы жоғары болса, 6-7 млрд текше метр су жайылманың 90 пайыздан астамына су шығаруға мүмкіндік береді. Былтыр судың ағынына бірқатар факторлар теріс әсер еткен. Мәселен, Семейдегі көпір құрылысына байланысты Ертіске ағызылып жатқан судың қарқыны бәсеңдеп қалды.
Бұған дейін Шүлбі су қоймасы 80%-ға ғана толуына байланысты Ертіс өзеніне жіберілетін судың көлемі азаюы мүмкін екенін жазғанбыз.