Семейдегі көпір құрылысына байланысты Ертіске ағызылып жатқан судың қарқыны бәсеңдеді

су қоймалары
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Соңғы үш тәулік бойы Шүлбі су қоймасынан өзенге секундына 3500 текше метр су босатылып келген. Ертіс бассейн инспекциясы Семей қаласында салынып жатқан көпір маңында өзен деңгейі көтеріле бастағанын ескеріп су көлемін азайту жөнінде шешім қабылдады.

Бұл туралы Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Семей қаласының көпір құрылысы аумағында су деңгейінің шамадан жоғары көтерілуі байқалып отыр. Соған орай Ертіс бассейндік инспекциясымен Шүлбі су қоймасынан жіберілетін судың көлемін азайту туралы шешім қабылданды. 16-24 сәуір аралығында Ертіс өзеніне жіберілетін судың көлемі - секундына 3200 текше метр. Өткен жылы босатылған судың нақты максималды көлемі үш тәулік ішінде 2600-2800 м3/сек болғанын атап өту қажет. Ал биыл судың максималды жіберілуі соңғы үш күн бойы 3500 м3/сек деңгейінде болды» деп мәлімдеді баспасөз қызметінен.

Осылайша Павлодар облысының аумағына табиғатты қорғау мақсатында босатылатын судың болжамды көлемі шамамен 6 текше километрді құрайтыны белгілі болды.

Өзен жайылмаларының кемінде 70-75%-ын су басады деген болжам бар. Бұл алғашқы болжамнан 15 пайызға кем.

Бұған дейін жайылмалардың 90 пайызын су басатыны айтылған еді.

Соңғы жаңалықтар