Ержан Қазыхан Женева қаласындағы БҰҰ жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілі болды

АСТАНА. KAZINFORM –   Мемлекет басшысының Жарлығымен Ержан Қазыхан Женева қаласындағы (Швейцария) Біріккен Ұлттар Ұйымының бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі лауазымына тағайындалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Ержан Қазыхан
Фото: Ақорда

– Мемлекет басшысының Жарлығымен Ержан Хозеұлы Қазыхан Женева қаласындағы (Швейцария) Біріккен Ұлттар Ұйымының бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі лауазымына тағайындалды, - делінген хабарламада.

Ол Қазақстан Президентінің халықаралық мәселелер жөніндегі көмекшісі лауазымынан босатылды.

Ержан Қазыхан 1964 жылғы 21 тамызда Алматы қаласында дүниеге келген.

1987 жылы Ленинград мемлекеттік университетін бітірген. Тарих ғылымдарының кандидаты. Дипломатиялық қызметін 1989 жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Протоколдық-саяси бөлімінің екінші хатшысы ретінде бастады.

1992 жылы ҚР СІМ Мемлекеттік протокол басқармасының бөлім меңгерушісі, бастығының орынбасары болып тағайындалды.

1995 жылы Нью-Йорк қаласындағы БҰҰ жанындағы ҚР Тұрақты өкілдігіне бірінші хатшы ретінде жіберіліп, одан әрі кеңесші лауазымына тағайындалды.

1999-2003 жылдары ҚР СІМ Көпжақты ынтымақтастық департаментінің директоры қызметін атқарды.

2003-2007 жылдары ҚР Нью-Йорк қаласындағы БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі және Қазақстан Республикасының Куба Республикасындағы Елшісі қызметін қоса атқарған.

2007-2008 жылдары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарды.

2008 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі болды.

2009-2011 жылдары Қазақстанның Аустриядағы Елшісі және Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі болды.

2011 жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары болды. 2

011-2012 жылдары Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі қызметін атқарды.

2012-2014 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі болды.

2014-2017 жылдары Қазақстан Республикасының Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігіндегі Елшісі, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ирландия Республикасындағы және Исландия Республикасындағы Елшісі қызметін қоса атқарған.

2017 жылдан 2021 жылға дейін Қазақстан Республикасының Америка Құрама Штаттарындағы Елшісі қызметін атқарды.

2021-2022 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі болды.

2022 жылдан 2023 жылға дейін Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары – Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі қызметін атқарды.

Женева қаласындағы Біріккен Ұлттар Ұйымының бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі болып тағайындалғанға дейін 2023 жылғы қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық мәселелер жөніндегі көмекшісі болды.

Төтенше және Өкілетті Елші дипломатиялық дәрежеге ие.

Ағылшын және араб тілдерін меңгерген.

«Ерен еңбегі үшін» медалімен (2005), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл» (2005), «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл» (2006), «Астананың 10 жылдығы» (2008) мерейтойлық медальдарымен марапатталған.

Соңғы жаңалықтар