Ешқандай көзбояушылық болмасын — Премьер-министр қысқы Олимпиадаға дайындық туралы

АСТАНА. KAZINFORM — Үкіметте Италияда өтетін қысқы Олимпиада ойындарына отандық спортшылардың дайындығы пысықталды. Премьер-министр Олжас Бектенов бұл ойындар еліміздің халықаралық имиджін нығайту ісінде өте маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Олжас Бектенов
Фото: Ағибай Аяпбергенов/Kazinform

— Президент бұқаралық және кәсіби спортты дамыту әркез басымдыққа ие болып қала беретінін айтып келеді. Сондықтан Қазақстанда спортты дамыту бағытында кешенді шаралар қабылданып, спортшылардың сапалы даярлануы үшін тиісті жағдай жасалуда. 2023-2025 жылдары осы мақсаттарға бюджеттен 360 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді, — деді О. Бектенов Үкіметтің бүгінгі отырысында. 

Қысқы спорт түрлерін дамыту үшін елімізде қажетті базалық инфрақұрылым мен қолайлы климаттық жағдайлар бар. Бұл орайда салалық спорт федерациялары басты рөл атқарады. Солардың деңгейінде ұлттық командалар, жаттықтырушылар құрамы мен спорт резерві жасақталып, нақты спорт түрлерін дамытудың ұзақмерзімді стратегиясы айқындалады.

— 2024 жылы Канвон қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарындағы қазақстандық спортшылардың табысын спорт резервін даярлаудың маңызды нәтижесі деп бағалауға болады. Бұл жетістікті алда Италияда өтетін қысқы Олимпиада ойындарында одан әрі нығайтып, еселей түсу қажет. Жалпы спортшыларымыздың ішкі тәртібі, табанды, алғыр және нағыз командалық рухы оларды жеңіс жолына жетелейді деп сенеміз. Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин өзінің қайсар рухымен спортшыларымыздың жігерін жанып, жеңіске ынталандырады. Еліміз сіздерді мақтан тұтады әрі зор сенім артады, — деді Үкімет басшысы. 

Премьер-Министр байрақты бәсекенің басталуына санаулы күндер қалғанын, барлық дайындық шаралары толық көлемде аяқталуы қажет екенін айтты. Осыған байланысты Туризм және спорт министрлігіне Ұлттық Олимпиада комитетімен бірлесіп, ұлттық құраманың толық дайындығын қамтамасыз етуді тапсырды. 

— Түпкілікті құрамды бекіту, логистика, керекті жабдықтар, медициналық қолдау және ұйымдастыру мәселелерін тез арада реттеу қажет. Ешқандай көзбояушылық болмасын. Сыртқы істер министрлігіне дипломатиялық арналар арқылы жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырамын, — деді О. Бектенов. 

Сонымен бірге, Үкімет басшысы бюджет қаражатын тиімді пайдалануға баса мән беру керегін атап өтті. 

— Келешегі бар спортшыларға көрсетілетін қолдау шаралары нақты әрі ашық болуға тиіс. Бұған министрліктердің, федерациялар мен ведомстволық бағыныстағы ұйымдардың басшылары тікелей жауапты болады. Сондай-ақ кәсіпқой спортты дамытуға бюджеттен тыс қаражат тартуға күш салу керек. Туризм және спорт министрлігі Ұлттық паралимпиада комитетімен бірлесіп, Ұлттық команданың қысқы паралимпиада ойындарына дайындық жұмыстарын күшейтсін. Паралимпиада спортшыларының ірі халықаралық жарыстарға қатысуы өршіл рух пен төзімділікті тәрбиелеу және инклюзивті қоғам құндылықтарын насихаттау тұрғысынан маңызды, — деді ол. 

Айта кетейік, елімізде қысқы Олимпиадаға дайындыққа 13,3 млрд теңге бөлінген

Бұған дейін Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов жарыс нәтижесіне қандай болжам жасап отырғанын айтты.

Соңғы жаңалықтар