Есірткі контрабандасымен айналысқан астаналық 16 жылға сотталды
АСТАНА. KAZINFORM — Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері халықаралық пошта жөнелтілімдері арқылы аса ірі мөлшерде есірткі заттарын контрабандалық жолмен өткізу фактісінің жолын кесті.
Полицияның мәліметінше, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Астананың 32 жастағы тұрғыны Таиландтан Қазақстан Республикасының аумағына үш халықаралық пошта жөнелтілімі арқылы әкелінген есірткі заты, каннабис сығындысын контрабандалық жолмен өткізгені анықталды. Тәркіленген есірткі затының жалпы салмағы — шамамен 2,9 келі, бұл аса ірі мөлшерге жатады.
— Тергеу әрекеттері барысында күдіктінің уақытша тұрған жеріне жүргізілген тінту кезінде одан әрі өткізуге дайындалған есірткі заттары, электронды таразылар, буып-түю материалдары, SIM-карталар, ақша қаражаты және қылмыстық іс бойынша заттай дәлелдемелер тәркіленді, — деп хабарлады ведомство.
Бұл дерек бойынша көлік полицейлері сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп, оның қылмысқа қатысы барын толық дәлелдейтін бұлтартпас айғақтар жинады. Сот үкімімен қаскүнем аса ірі мөлшердегі есірткі заттарының контрабандасын жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 16 жылға бас бостандығынан айырылды.
Айта кетейік, жыл басынан бері көліктегі полиция департаменті қызметкерлері есірткіге қатысты 202 құқық бұзушылықты тоқтатты. Оның ішінде 41 өткізу фактісі, аса ірі мөлшерде сақтаудың 6 фактісі және 16 контрабанда фактісі тіркелді. Заңсыз айналымнан барлығы 172 келіден астам есірткі заты тәркіленді.
Еске салайық, бұған дейін шілденің 10 күнінде Қазақстанда 121 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленгенін хабарлаған едік.