Есірткіге еліккендерді емдеудің жаңа клиникалық хаттамасы әзірленіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Синтетикалық есірткі тұтыну салдарынан психикалық мінез-құлқы бұзылғандарды емдеудің жаңа клиникалық хаттамасы әзірленіп жатыр. Бұл туралы Сенат депутаттарының сауалына Премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.

- Денсаулық сақтау министрлігі «Жаңа психикалық белсенді заттарды қолданудан туындаған психикалық мінез-құлық бұзылыстарын» диагностикалау мен емдеудің жаңа клиникалық хаттамасын әзірлеп жатыр. Құжат еліту жағдайын диагностикалау мен медициналық куәландырудың көп сатылы алгоритмін қарастырады», - деді Үкімет басшысы жауабында.
Премьер-министрдің атап өтуінше, медициналық куәландырудың қолданыстағы диагностикасы халықаралық стандарттарға сәйкес жүзеге асырылады және көп компонентті бағалауға (клиникалық тексеру, психомоторлық функцияларды тестілеу, зертханалық диагностикалық әдістер және экспресс-тестілеу) негізделген. Нарықта жаңа синтетикалық есірткілердің пайда болуын ескере отырып, Денсаулық сақтау министрлігі психиатрия және наркология саласының сарапшыларымен бірге психикалық белсенді заттардың жаңа түрлерін ескеруге мүмкіндік беретін медициналық куәландыру жүйесін жетілдіру бойынша жұмыс істеп жатыр.
- Психикалық белсенді заттардың кең шоғырына экспресс-тесттерді қолдану бойынша нормативтік құқықтық актілерге қажетті түзетулер енгізу 2025 жылдың соңына жоспарланған, - деді Олжас Бектенов.
Бұған дейін Астана қалалық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Әлия Қибатқызы синтетикалық есірткі тәуелділікті ерте шақыратынын, бір рет тұтынғаннан «тұтқын» болып жатқандар бар екенін айтқан болатын.