Эстония Премьер-Министрі Астанада Эстония Консулдығын ашты
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Консулдықты салтанатты түрде Эстония Премьер-Министрі Андрус Ансип және ҚР Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы Рапиль Жошыбаев ашты. Шарада сондай-ақ, ертең қыркүйектің 8-і күні Астанадағы «Риксос» қонақүйінде өтетін Қазақстан-эстон бизнес форумына қатысу үшін келген екі жақтың бизнес өкілдері болды.
Эстония Премьер-Министрінің айтуынша, бүгін ашылған Консулдық Эстония Республикасының Қазақстандағы, жалпы Орталық Азиядағы алғашқы ресми мекемесі.
«Қазақстан мен Эстония арасындағы саяси қарым-қатынастар өте жақсы дамуда, бизнес қатынастар да айтарлықтай деңгейде болғанымен, онда дамытуды қажет ететін тұстар бар. Ертең біз Астанада екіжақты бизнес-семинарды ашатын боламыз. Эстония Республикасының Премьерімен мұндай бизнес қауымдастық өкілдерінің үлкен тобының еріп жүруі ел тарихында бұрын болмаған. Бұл қазақстандық инвестициялық жобалардың тартымдылығын көрсетіп отыр», - деді А.Ансип.
Сондай-ақ А.Ансип, Қазақстан басшылары елді дағдарыстық жағдайларға қарсы дайындауда көрегендік танытқандарын атап өтті.