Этикалық негіз болмай - ешқандай диалог, ешбір бірлескен шығармашылық болмайды
АСТАНА. Сәуірдің 28-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Этикалық негіз болмай - ешқандай диалог, ешбір бірлескен шығармашылық болмайды. Бүгін Астанада өтіп жатқан «Еуразия: Мәдениеттер және ұрпақтар диалогі» атты халықаралық форумда Ресейдің Ғылым академиясы Шығыстану институтының директоры, профессор, академик Ростислав Рыбаков осылай айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, қоғам бейбітшілік жолында қандай сұхбат құрмаса да, қандай жобаларға кіріспесе де этикасыз ешбір нәтиже шықпайды.
«Этикалық негіз болмай - ешқандай диалог, ешбір бірлескен шығармашылық болмайды. Этика ғана барлық діндерді біріктіреді. Діндер киім үлгілері іспетті бір-бірінен өзгеше. Бірақ бұл сыртқы өзгешелік қана. Ал ішкі мазмұны тұрғысынан қарағанда дін - Жаратқан Иенің адамзатты үйретіп келе жатқан нәрсесі - этикалық қағидалардан тұрады. Осы қағидаттардан білім беру, өмір құрылуы тиіс және Махатма Ганди айтқандай, саяси өмір де этикаға сүенуі қажет. Міне, осы мәселе біздің шынайы өмірімізге еппен енген жағдайда Әлем өзгере бастайды. Бұл өте ұзақ жол. Бірақ бұл ең сенімді, жалғыз мүмкін жол», деп атап көрсетті ол.
Бүгін басталған халықаралқ форумға Әлемнің 16 елінен 200-ге тарта ғалымдар мен қоғам қайраткерлері келіп қатысуда. Жиын жұмысы ертең де жалғасын табады.