Еуразия төріндегі дипломатия: Путиннің Астанаға мемлекеттік сапары
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Ресей Президенті Владимир Путин елімізге келер алдында қазақстандық баспасөзде арнайы мақала жариялады. Ресей президентінің «Ресей — Қазақстан: Еуразия төріндегі одақ» атты мақаласы «Egemen Qazaqstan» газетінде жарық көрді. Бұл туралы Jibek joly арнасының «Талдау» бағдарламасында хабарланды.
Дипломатиялық тәжірибеде мұндай мақалалар ерекше саяси сигнал ретінде қабылданады. Осылайша өз елдің басшылары қабылдаушы елдің қоғамына тікелей үн қатып, келіссөздердің негізгі бағытын алдын ала айқындайды.
Путин өз мақаласында Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестікке, экономикалық интеграцияға және тарихи байланыстарға ерекше тоқталды. Ол екі ел арасындағы қарым-қатынас өзара сенім мен құрметке негізделгенін атап өтті. Сонымен қатар шекаралық ынтымақтастық, энергетикалық жобалар, транзиттік бағыттар және Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ықпалдастық мәселелеріне назар аударды. Мақаланың дәл «Egemen Qazaqstan» газетінде және қазақ тілінде жариялануының символдық мәні де зор.
Сарапшылардың пікірінше, Путиннің Астанаға сапары Орталық Азиядағы ықпал үшін геосаяси бәсекелестік күшейген кезеңге тұспа-тұс келіп отыр. Соңғы жылдары аймақ Қытай, Ресей, АҚШ, Еуропалық одақ және Түркия секілді ірі халықаралық ойыншылардың назарын өзіне аударды. Сондықтан Ресей мен Қазақстан басшыларының әрбір кездесуі енді тек екіжақты қатынас аясында ғана емес, әлдеқайда кең геосаяси контексте қарастырылады.
Осы тұрғыдан алғанда, Путиннің Астанаға дәл Бейжіңнен кейін келуінің де өзіндік саяси мәні бар. Бұл Мәскеудің Қытаймен және Орталық Азия елдерімен байланысқа негізделген еуразиялық серіктестік бағытын күшейтуге ұмтылысын аңғартады. Ал Қазақстан үшін мұндай жағдайда негізгі міндет — көпвекторлы саясатты сақтай отырып, ірі державалар арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ету.
— Соңғы жылдары Қазақстан мен Ресей арасындағы экономикалық байланыстар айтарлықтай күшейді. Бүгінде екі ел арасындағы тауар айналымы шамамен 30 миллиард долларға жуықтап отыр. Ресейлік ақпарат агенттіктерінің мәліметінше, тараптар энергетика, өнеркәсіп және көлік салаларын қамтитын шамамен он алты құжатқа қол қоюды жоспарлап отыр. Әсіресе атом энергетикасы саласындағы жобаларға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл өз кезегінде Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігі мен болашақтағы инфрақұрылымдық дамуына тікелей әсер етуі мүмкін, — делінген бағдарламада.
Көлік және логистика мәселелері де келіссөздердің негізгі тақырыптарының біріне айналды. Қазақстан бүгінде Қытай, Ресей және Еуропа арасындағы маңызды транзиттік хабқа айналып келеді. Әлемдік сауда бағыттары өзгерген қазіргі кезеңде Еуразия құрлығы арқылы өтетін құрлық дәліздерінің стратегиялық маңызы күрт артты. Осыған байланысты Еуразиялық экономикалық одақ аясында цифрлық транзит, кедендік рәсімдерді жеңілдету және жүк тасымалын электронды бақылау жүйелері белсенді түрде пысықталып отыр.
Саясаттанушылар мемлекеттік сапар форматының өзіне де ерекше назар аударып отыр. Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік деңгейдегі сапармен келуі — сирек кездесетін дипломатиялық тәжірибе. Бұл Мәскеудің Қазақстан бағытына айрықша стратегиялық мән беретінін көрсетеді.
Ал Астана үшін бұл сапар Қазақстанның Еуразиядағы ықпалды әрі дербес ойыншы ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте айқындауға мүмкіндік береді. Қазақстан бүгінде Ресеймен стратегиялық серіктестікті сақтай отырып, Қытаймен экономикалық байланыстарын нығайтып, Батыс елдерімен де белсенді диалог жүргізуге ұмтылып отыр.
— Сондықтан Астанадағы бүгінгі келіссөздер тек екіжақты хаттамалық шара емес. Бұл — Еуразиядағы жаңа геосаяси архитектураның қалыптасу кезеңіндегі маңызды дипломатиялық оқиға. Яғни Орталық Азияның әлемдік саясаттағы орны мен жаһандық тұрақсыздық жағдайында аймақ елдерінің тепе-теңдік сақтай алу қабілетін көрсететін маңызды кезең, — екені айтылған.
Қорыта айтқанда, Владимир Путиннің «Бейжің — Астана» бағыты қазіргі таңда жай ғана дипломатиялық сапарлар тізбегі емес. Бұл — Еуразияның әлемдік саясаттағы жаңа күш орталықтарының біріне айналып келе жатқанын көрсететін маңызды геосаяси символ.