Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Еуразиялық қайта құру және даму банкі қазақстандық кәсіпкерлерді қаржыландыруды жалғастыруға ниетті

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Еуразиялық қайта құру және даму банкі мен «BG Kazakhstan» компаниясы өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

Еуразиялық қайта құру және даму банкі қазақстандық кәсіпкерлерді қаржыландыруды жалғастыруға ниетті

Тараптар Батыс Қазақстан облысындағы жастар және әйелдер кәсіпкерлігін қаржыландыру жобасын жалғастыруға уағдаласты. Жобаның үшінші кезеңін қаржыландыруға 250 мың евро жұмсалмақ.

«Қазақстан Үкіметі кәсіпкерлікті дамыту мақсатында қаржылық сала, экономикада жеке секторды, ШОБ, адам капиталын, жасыл экономиканы дамыту, инвестиция тарту, институционалдық реформаларды жүзеге асыру, интеграция т.б. 8 бағыт бойынша халықаралық келісімдерге қол жеткізді. Осы міндеттерді жүзеге асыру үшін ЖІӨ-дегі ШОБ үлесін 50 пайызға жеткізу керек. ЕҚҚДБ бағдарламасы кеңес беру қызметін де қамтиды. 300 кәсіпорынға көмек көрсетілді. Жаңа келісім нәтижесінде 5 жыл ішінде 150 кәсіпорын мен 500 кәсіпкерге қолдау көрсетеміз деп ойлаймыз. Әйелдер кәсіпкерлігін 41 млн. доллар көлемінде несиелеу көзделген. 750 әйелге бизнесті жүргізуде кеңес беріледі», - деді ҚР ҰЭМ Кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры Ғалия Жолдыбаева.

«Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданындағы жастар мен әйелдер кәсіпкерлігін дамыту «BG Kazakhstan» компаниясының корпоративтік әлеуметтік саясаты шеңберінде басымдық берілген бағыт. ЕҚҚДБ-мен ынтымақтастық шеңберінде көріп отырған нәтиже біздің көңілімізден шықты және келешекте келісім нәтижесі жемісті боларына сенімдімін», - деді компанияның корпоративтік саясат жөніндегі вице-президенті Зарина Бәкенова.

Бүгінгі таңда ЕҚҚДБ шағын бизнеске қолдау көрсету тобы Қазақстандағы ШОБ-қа жататын 1200-ден аса кәсіпорынға өз бизнесін дамытуға арналған кеңес беру қызметтеріне қол жеткізуге көмектесті. Қазіргі таңда бұл бағдарлама ҚР Үкіметі ұсынған қаржы есебінен сондай-ақ, АҚШ үкіметінің «BG Kazakhstan» және ЕҚҚДБ арнайы акционерлер қорының қолдау көрсетуімен қаржыландырылып отыр.