10:18, 08 Наурыз 2009 | GMT +5
Еуразиялық Одақ идеясы өміршеңдігін дәлелдеп келеді
АСТАНА. Наурыздың 8-і. ҚазАқпарат/ Айдар Оспаналиев/ -Наурыздың 10-ы күні Астанадағы Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Еуразиялық Одақ идеясының 15 жылдығына орай еуразиялық университеттер қауымдастығының 11-сьезі өтеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Осыдан 15 жыл бұрын, 1994 жылы наурыздың 29-ы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық Одақ құру идеясын Мәскеу мемлекеттік университетінің оқытушы-профессорларының алдында көпшілік талқысына шығарған еді. Уақыт тамырын дәл басып айтылған идея өзінің өміршеңдігін көрсетіп, көп ұзамай нақты ықпалдастық ұйым ретінде қалыптасты. Бұл идея іс жүзінде Еуразиялық экономикалық қоғамдастық ауқымында ғана емес, Орталық Азия ынтымақтастық ұйымының, кейіннен Біртұтас экономикалық кеңістік секілді ықпалдастық ұйымдардың аясында да жалғасын тапқаны мәлім. Тәуелсіз мемлекеттер достастығы Кеңес Одағының бейбіт ыдырауын қамтамасыз еткенімен, бұл уақыт оның аясындағы елдердің көпшілігі саяси-экономикалық дағдарысқа ұшырап, әрі қарай бірлесіп дамудың ешқандай айқын бағдары жоқ кезең болатын. 1994 жылы Елбасы ұсынған жаңа құрылымның ТМД-дан бөлек, өзіндік мақсаттары айқын, әрі мемлекеттердің экономикалық мүмкіндіктерін жақындастыруға бағытталған-ды. Ондағы негізгі мақсат тәуелсіз мемлекеттердің саяси атрибуттарын толық сақтай отырып, экономикалық одақ құру болды. Осыған орай Елбасы сол кезең үшін өзекті болған мемлекеттердің жер аумақтарының тұтастығын, шекараның беріктігін қамтамасыз етіп, еларалық қатынастарда саяси және басқа да қысымдар көрсетуден, әсіресе өзара жанжал мен әскери қақтығыстардан бас тартуды ұсынды. Бұл идея жалпы қолдау тапқанымен, оған сенімсіздікпен немесе қызғанышпен қарағандар да табылды. Бірақ, уақыт үшін өзекті мәселелерге бағытталған идея өміршеңдігін дәлелдеп, ЕурАзЭҚ, Орталық Азия ынтымақтастығы, БЭК және Ұжымдық қауіпсіздік шарты секілді ықпалдастық ұйымдар арқылы жүзеге аса бастады.