10:21, 11 Наурыз 2009 | GMT +5
«Еуразияның жаһандық қатерлер жүйесіндегі экономикалық қауіпсіздігі» тақырыбындағы Астаналық экономикалық форум басталды
АСТАНА. Наурыздың 11-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ІІ Астаналық экономикалық форумы өз жұмысын бастады.
Биылғы жылғы алқалы кеңес «Еуразияның жаһандық қатерлер жүйесіндегі экономикалық қауіпсіздігі» тақырыбына арналып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, елордаға әлемдік дағдарыстан шығудың амалдарын қарастыру, сондай-ақ оны кеңінен талқылау үшін 40-тан астам елден келген ғалымдар бас қосты. Елеулі шараға кеше Елбасының қабылдауында болған Нобель сыйлығының иегерлері Роберт Манделл мен Эдмунд Фелпс, Ислам Даму Банкінің президенті Ахмед Мохаммед Әли әл-Мадани, сондай-ақ Еуропалық қайта құру және даму банкінің экс-президенті Жан Лемьер қатысуда.
Конференция аясында өзекті тақырыптар бойынша пікірталастар мен ғылыми-тәжірибелік семинарлар ұйымдастырылмақ, сондай-ақ форумға қатысушылар экономикалық дағдарыстан шығудың тұжырымдамасымен таныстырмақ.
Форум кезінде пікірталастардың негізгі тақырыптарының бірі жаhандану жағдайындағы Ислам экономикасының дамуына арналмақ. Аталмыш мәселе бойынша Малайзия, Сауд Арабиясы, Бахрейн тәрізді Ислам банкингінде әлемдік көшбасшылар болып табылатын елдердің жетекші экономистері мен қаржыгерлері өз сараптауларын ұсынбақ.
Жаhандану жағдайындағы экономиканы мемлекеттік реттеу мәселелері де аса маңызды тақырыптардың бірі ретінде қарастырылады. Сессияларда әлемдік экономика көшбасшыларының алдыңғы қатарлы тәжірибелері ұсынылады.