EURO-2024: 1/8 финалда ойнайтын құрамалар белгілі болды

АСТАНА. KAZINFORM – Еуропа чемпионатының плей-офф сатысына шыққан, 1/8 финалда кездесетін құрамалар белгілі болды. 

EURO-2024: 1/8 финалда ойнайтын құрамалар белгілі болды
Фото: championat.com

Топтық кезеңнің шешуші екі ойынында Грузия құрамасы Португалияны 2:0 есебімен жеңді, ал Түркия құрамасы Чехиядан 2:1 есебімен басым түсті. Осылайша соңғы жолдаманы Грузия, Португалия, Түркия құрамалары еншіледі. 

Плей-офф сатысына дейін құрамалар 36 ойын өткізді. Номиналды алаң иелері 10 мәрте жеңіске жетсе, 12 кездесуде қонақтар басым түсті. 14 кездесуде тең есеп тіркелді. 

Топтық кезеңде барлығы 81 гол соғылды. Әр матчта орташа көрсеткіш 2,25 голды құрады.

16 пенальти белгіленіп, соның 13-і  голға айналды. Төрешілер ойыншыларға жалпы саны 231 сары және 5 қызыл қағаз көрсетті. 

Топтық кезеңде 3 гол соққан (2 пенальтиден) Джордж Микаутадзе (Грузия) әзірге үздік шабуылшылардың көшін бастап тұр.  Никлас Фюллкруг, Джамал Мусиала (екеуі де Германия), Иван Шранц (Словакия), Годи Гакпо (Нидерланды), Разван Марин (Румыния) екі голдан соқты.

Германиядағы дүбірлі доп додасында плей-офф сатысына дейін 7 автогол тіркелді. 

EURO-2024. 1/8 финалда ойнайтын құрамалар:

Испания – Грузия

Германия – Дания

Португалия – Словения

Франция – Бельгия

Румыния – Нидерланды

Швейцария – Италия

Австрия – Түркия

Англия – Словакия. 

Айта кетейік, дүбірлі доп додасының аталған сатысындағы ойындар 29 маусым мен 2 шілде аралығында өтеді. 

Еске сала кетейік, аталған турнир басталар кезде Еуропа чемпионатындағы ең жас футболшы туралы жазған болатынбыз. Сондай-ақ Еуропа чемпионатына ең көп ойыншы жіберген командалар туралы хабарлаған едік. 

Соңғы жаңалықтар