Euro-2024: Италия құрамасы Албанияның осал тұсын тапты

Euro-2024: Италия құрамасы Албанияның осал тұсын тапты
Фото: championat.com

АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатының екінші ойын күнін В тобындағы Италия мен Албания құрамалары түйіндеді.

Италия құрамасы 2020 жылы құрлықтық додада топ жарған еді. Қазір жанкүйерлер «Олар бұл атағын қорғай ала ма?» деген сауалды жиі қойып келеді.

Кездесу албаниялық футболшылардың ең жылдам гол соғуымен ерекшеленді. Ойынның небәрі 23-секундында албаниялық Недим Байрами Италия қақпасынан саңылау тауып кетті. Бұл – Еуропа чемпионатының алпыс жылдан астам тарихындағы ең жылдам соғылған гол. 2004 жылы Ресей футболшысы Дмитрий Кириченко 68-секундта қанжығасын майлаған еді.

Италиялық құрама тезірек таразы басын теңестіруге ұмтылды. Ойынның 11-минутында Алессандро Бастони мергендік танытса, 16-минутта Николо Барелла өз құрамасын алға шығарды. Кездесуде Италия қарсыласынан 2:1 есебімен жеңді.

Еске салсақ, бұдан бұрын аталған топта Испания Хорватияны 3:0 есебімен ойсырата жеңді.

Енді В тобында 19 маусымда Хорватия мен Албания кездессе, 20 маусымда Испания мен Италия ойнайды.

Соңғы жаңалықтар