Еуро-2024: Португалияның Чехияға соңғы минутта соққан голы жеңіс алып келді
АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатының бесінші ойын күнін F тобындағы Португалия мен Чехия түйіндеді.

Әлем футболында өз орнын еншілеген Криштиану Роналду бастаған Португалия құрамасы бас жүлдеден үміткер саналады. Шеберлігімен жасыл алаң төріндегі ойын тағдырын шешіп кете алатын қаншама саңлақ жиналған құрама алғашқы минуттан жылдам гол соғу мүмкіндігін іздеді.
Бірінші кезеңде қос құрама көптеген мүмкіндікті мүлт жіберіп алды. Салдарынан таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ.
Ойынның 62-минутында чехиялық Лукаш Провод өз құрамасын алға шығарса, Робин Гранач 69-минутта автогол авторы атанды.
Ал 92-минутта португалиялық Шику Консейсау жеңіс голын соғып кетті.
Кездесу 2:1 есебімен Португалияның басымдығымен аяқталды.
Айта кетсек, бұдан бұрын аталған топтағы Түркия құрамасы Грузияны 3:1 есебімен жеңді.
Аталған ойында түркиялық Арда Гюлер Роналдудың рекордын жаңартты.
Енді 19 маусымда А тобындағы Германия мен Венгрия, Шотландия мен Швейцария, В тобындағы Хорватия мен Албания екінші тур ойындарын өткізеді.