Еурокомиссия басшысы әріптестікті кеңейту туралы жаңа келісім жобасын талқылау үшін Қазақстанға сапарлайды

Бұл туралы бүгін брифинг барысында ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев мәлім етті.
«Ел басшылығымын кездесу барысында Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы әріптестік пен ынтымақтастықты кеңейту туралы жаңа келісім жобасын тараптармен қарастыру тұрғысындағы қазақстандық-еуропалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелерінің кең ауқымын талқылау жоспарлануда», - деді ол.
Еурокомиссия басшысының сапары кезінде өзара қызығушылық туындататын бірқатар мәселелерді де егжей-тегжейлі қарастыру көзделуде. Олардың қатарында халықаралық және өңірлік қауіпсіздік, Ауғанстандағы, сондай-ақ Орталық Азиядағы ахуал, энергетикалық қауіпсіздік, индустриялық-инновациялық даму сынды жайттар бар.
Еуроодақ сауда-экономикалық ынтымақтастық тұрғысында алып қарағанда Қазақстанның басты әріптесі саналады. 2012 жылдың қорытындысы бойынша ЕО елдері мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 54 млрд. АҚШ долларын құрады. 1993-2012 жылдары аралығында ЕО елдерінен Қазақстан экономикасына тартылған инвестиция көлемі 82 млрд. АҚШ долларынан асып түседі.