Еурокомиссия Еуропалық Одаққа кіретін елдер үшін сынақ мерзімін енгізуді ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM — Еурокомиссия Еуропалық Одаққа қабылданатын жаңа елдер үшін сынақ мерзімі жүйесіне көшуді ұсынды. Бастама мемлекеттердің шектеулі құқықтармен мүше болатынын білдіреді. Бұл туралы ЕО-ның кеңейту мәселелері жөніндегі комиссары Марта Кос мәлімдеді, деп хабарлайды BELTA.

Еуропалықтардың қалауы —  бейбітшілік пен қауіпсіздік — сауалнама
Фото: pixabay.com

— Еуропалық Одақтың жаңа мүшелері бірнеше жылға сынақ мерзімі шарттарымен қабылдануы мүмкін, — деп жазды комиссар Х әлеуметтік желісінде.

Оның айтуынша, осы кезеңде олардың құқықтары шектелуі мүмкін, тіпті ЕО талаптарының барлығына сай келмесе, қауымдастықтан шығарылады.

Сондай-ақ Марта Кос Еурокомиссия «ЕО-ның құқық үстемдігі стандарттарын бұзған жағдайда жаңа мүшелердің құқықтарын тоқтата тұруға мүмкіндік беретін жаңа ережелер» әзірлеп жатқанын растады.

Financial Times газетінің хабарлауынша, Еуропаның бірнеше астанасы Украина, Молдова және Батыс Балқан елдерін ЕО-ға қабылдауға қарсы. Олар бұл елдер Еуроодаққа қосылған кезде демократия, БАҚ еркіндігі және соттардың тәуелсіздігі жөніндегі ЕО нормаларын әлсіретеді деп қауіптенеді.

Бұған дейін Еуропалық одақ 2030 жылға дейін жаңа мүшелер қабылдауы мүмкін екенін жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар