Еурокомиссия «цифрлық тәуелсіздік» үшін 180 млн еуро бөлді

АСТАНА. KAZINFORM – Еуропалық комиссия Еуропалық одақтың цифрлық тәуелсіздігін нығайту мақсатында жалпы құны 180 млн еуро болатын «суверенді бұлт» қызметтеріне арналған тендерді аяқтағанын жариялады. Жоба алты жылға есептелген, деп жазды Анадолы агенттігі.

Еурокомиссия «цифрлық тәуелсіздік» үшін 180 млн еуро бөлді
Фото: Анадолы

Мәліметке сәйкес, келісімшарт төрт еуропалық компанияға берілген: Post Telecom (Люксембург), StackIT (Германия), Scaleway (Франция) және Proximus (Бельгия). Енді ЕО институттары, органдары мен агенттіктері бұлттық қызметтерді Еуропада орналасқан провайдерлерден алады.

Еурокомиссия бұл шешім стратегиялық маңызды технологиялар мен инфрақұрылымға бақылауды күшейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Сонымен қатар, бұл бастама еуропалық бұлттық шешімдерді кеңінен енгізуге, мемлекеттік секторда қауіпсіз әрі заңнама талаптарына сай цифрлық қызметтерді қамтамасыз етуге бағытталған.

«Суверенді бұлт» деген не?

«Суверенді бұлт» — бұл деректерді сақтау мен өңдеу моделі, онда ұйым немесе мемлекет деректері сол елдің ұлттық заңнамасына, деректерді қорғау талаптарына және технологиялық бақылау стандарттарына толық сәйкес түрде орналастырылып, басқарылып, сақталады.

Айта кетейік, бұған дейін ЕО Google-дің үстемдігін шектеу үшін іздеу жүйесіндегі деректерді бөлісуді талап еткенін жазған болатынбыз.