Еуроодақ басшылары Брюссельде фермерлермен кездесті
АСТАНА. KAZINFORM – Жыл басынан бері салықтың өсуіне, жанар-жағармай мен мал азығының қымбаттатуына қарсы наразылық акциясына шығып, Еуроодақ басшыларына үндеу тастаған еуропалық фермерлер Еуроодақ саммиті өтіп жатқан Брюссельге жиналды. Бұл туралы Euronews жазды.

Бейсенбі күні таңертең Еуропалық парламент ғимаратының жанында мыңнан астам трактор пайда болды. Одақтың түкпір-түкпірінен келген наразылық білдіруші фермерлер шөп үйіндісін өртеп, қола ескерткішті құлатты. Олар жалақыларын көбейтуді, бәсекелестікті шектеуді талап етіп, климат өзгерісімен күресу шараларын сынға алып отыр.
ЕО-ның Брюссель саммитіне қатысушы Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен, Бельгия мен Нидерланды премьер-министрлері Александр Де Кроо және Марк Рютте ауылшаруашылық кәсіподақтарының өкілдерімен кездесу өткізді.
- Кездесуде диқандардың арыз-шағымын, мұң-мұқтажын тыңдадық. Ортақ шешімге келеміз деген ойдамын. Өйткені мақсаттарымыз ортақ. Мәселен, табиғатты қорғау мәселесі, - деді Еуроодақ комиссиясының басшысы Урсула фон дер Ляйен.
Аграрлық сектор қызметкерлері Бірыңғай ауылшаруашылық саясаты салдарынан туындаған ауыр әкімшілік жүктемеге шағымданып, Еуроодақ елдерінің «Жасыл келісімге» және астық пен басқа да азық-түлік өнімдерінің төмен бағасына наразылықтарын білдіреді. Бірақ Еуропалық Одаққа кезекті төрағалық ететін Бельгия фермерлерге оның басымдығы жаңартылатын энергия көздеріне көшу, таза технологияларды енгізу және парниктік газдар шығарындыларын азайту екенін айтты.
Бұған қоса, жоғары стандартты еуропалық мал шаруашылығымен айналысатын фермерлер ЕО-ның Оңтүстік Америкамен болашақтағы еркін сауда келісімінен қауіптенеді. Олар бұл келісімнің Еуропаны арзан әрі сапасы төмен сиыр етімен толтырғанын қаламайды.
Еске салайық, бұған дейін ЕО көшбасшыларының саммиті өтетін Брюссельге тракторлар колоннасы кіргенін хабарлаған болатынбыз.