Еуроодақ Қазақстанда Халықаралық төмен байытылған уран банкінің құрылуын жоғары бағалайды - П.Буриан
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Еуроодақ Қазақстанның өз аумағында Халықаралық төмен байытылған уран банкін құру туралы бастамасын жоғары бағалайды.
Бұл туралы Орталық Азия бойынша Еуроодақтың арнайы өкілі, елші Петер Буриан сейсенбі күні Бельгиядағы Қазақстан Елшілігіндегі Қазақстан Үкіметі мен МАГАТЭ арасындағы ҚР-да Халықаралық төмен байытылған уран банкін құру туралы келісімге қол қоюға байланысты өткен қабылдауда мәлім етті.
Еуропалық дипломаттың пікірінше, Қазақстан аумағында Халықаралық төмен байытылған уран банкін құру ядролық қарусыздандыру және оны таратпау саласында маңызды үлес болып табылады әрі оның аймақтық және жаһандық қауіпсіздік үшін маңызы зор. «Біз Қазақстанның өз аумағында Халықаралық төмен байытылған уран банкін құру туралы бастамасын оң бағалаймыз, себебі бұл ядролық технологияларды бейбіт мақсаттарда пайдалану үрдістерінің дамуына маңызды үлесін қосады», - деп атап өтті Петер Буриан.