Еуроодақ Қазақстанмен жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайын - Антониу Кошта

АСТАНА. KAZINFORM - Елімізде ресми сапармен жүрген Еуропалық Кеңес Президенті Антониу Кошта Мемлекет басшысымен келіссөз барысында қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

 Еуропалық Кеңес Президенті Антониу Кошта
Фото: Ақорда

Сонымен қатар мәртебелі мейман Қазақстан мен Еуропа арасындағы ықпалдастықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, Еуроодақтың елімізбен жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайын екенін растады. 

– Соңғы 10 жылда Еуропа Одағы Қазақстанның ең ірі сауда серіктесіне және шетелдік инвесторына айналды. Өз кезегінде Қазақстан Еуропаға мұнай мен уран жеткізуші елдердің үштігіне кіретін ел ретінде экономикалық қауіпсіздігімізді қамтамасыз етуде негізгі рөл атқарады. Бүгін біз қарым-қатынасымызды нығайтудың және экономикалық байланыстарды дамытудың жаңа кезеңіне қадам басамыз, – деді Еуропалық Кеңес Президенті.

Еуропалық Кеңес Президенті Антониу Кошта
Фото: Ақорда

Мәртебелі мейманның айтуынша, Еуропа Одағы мен Қазақстан БҰҰ Жарғысында бекітілген мультилатерализм мен халықаралық тәртіп құндылықтарына арқа сүйейтін бейбітшілік ұстанымын жақтайды. 

Еуропалық Кеңес басшысы әлемдегі қауіпсіздікті, тұрақтылық пен өрлеуді қамтамасыз ететін күш-жігер дәл осы қағидатта көрініс тапқанын жеткізді. 

Антониу Кошта Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық қазіргі көпжақты әлемдегі қарым-қатынасты ілгерілетудің маңызды факторына айналғанын атап өтті. Бұл ретте ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Кавказ аймағындағы бейбітшілікті нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалады.

Оның пікірінше, өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету Кавказ және Қара теңіз арқылы Еуропаға шығатын Транскаспий көлік дәлізін дамытуға тың мүмкіндік береді. 
Кездесуде екіжақты қарым-қатынастың ауқымды мәселелері қарастырылып, көлік-логистика, цифрландыру, энергетика, маңызды минералдар, ауыл шаруашылығы секілді перспективті бағыттарға баса мән берілді.

Осыған дейін Мемлекет басшысының Еуропалық Кеңес Президенті Антониу Коштамен келіссөз жүргізгені туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар