Еуроодақ көші-қон саясатын қатаңдатып, депортацияны жеделдетпек

АСТАНА. KAZINFORM — Мигранттар «қайтару орталықтарына» жіберіледі, деп хабарлайды DW агенттігі.

ЕС ужесточает миграционную политику и ускорит депортации
Фото: cato.org

Басылым мәлім еткендей, Еуроодаққа мүше елдердің ішкі істер министрлері көші-қон реформаларының пакетiн мақұлдады. Құжатта ЕО аумағынан тыс жерде «қайтару орталықтарын» құру қарастырылған. Бұл орталықтарға мигранттар баспана беру туралы өтініштерін қарау үшін жіберілуі мүмкін, тіпті оларды Еуропадан біржола шығару шаралары да қолданылуы ықтимал.

Дания мұндай тәсілді 2021 жылдан бастап Руандаға мигранттарды жіберу мүмкіндігін қарастыра бастаған. Алайда бұл жүйені іс жүзінде алғаш болып енгізген Еуроодақ елі — Италия. Өткен жылы Рим көршілес Албанияда осындай орталықтар құрғанымен, кейін олар құқықтық қиындықтарға байланысты жұмысын уақытша тоқтатты.

— Бұған дейін қайырымдылық ұйымдары мен құқық қорғаушылар, соның ішінде Human Rights Watch пен Oxfam, Брюссельді «жауапкершіліктен жалтару» үшін сынға алған болатын. Олар ЕО-ның баспана беру жөніндегі өтініштерді қарау процесін «аутсорсингке беру» әрекеттерін осылай атаған, — делінген хабарламада.

Сонымен қатар Брюссельде сарапшылардың бағалауынша, ЕО-ның көші-қон саясатын қатаңдату бағытына қайшы келетін жоспар да әзірленді. Ол «Ынтымақтастық қорын» құруды көздейді. Бұл тетік Еуроодақ ішіндегі көші-қон жүктемесін қайта бөлуді мақсат етеді. Жоспарға сәйкес, Солтүстік және Шығыс Еуропа елдері баспана іздеушілердің басым бөлігі келетін ЕО-ның оңтүстік мемлекеттерінен мигранттарды көбірек қабылдауы немесе Кипр, Испания, Италия мен Грецияны қолдау үшін ортақ қорға қаржы аударуы тиіс.

Бұған дейін Еурокомиссия ресейліктерге Шенген визасын беру шарттарын қатаңдататынын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар