Еуроодақтың Қазақстанмен серіктестік және ынтымақтастық туралы жаңа келісімі бойынша келіссөздер өткізу туралы шешім шілденің 1-іне дейін қабылданады - Еуроодақ төрағасы
БРЮССЕЛЬ. Сәуірдің 29-ы. ҚазАқпарат /Димаш Сыздықов/ - Еуроодақтың Қазақстан Республикасымен серіктестік және ынтымақтастық туралы жаңа келісімі бойынша келіссөздер өткізу туралы шешім ағымдағы жылдың шілде айының 1-іне дейін қабылданатын болады.
Сәрсенбі, сәуірдің 28-інде «Еуроодақ-Орталық Азия елдері» форматында өткен министрлер кездесуінің қорытындысы бойынша Еуроодақ төрағасы - Испания Корольдігінің сыртқы істер министрі Мигель Анхель Моратинос осындай мәлімдеме жасады.
Оның айтуынша, қазіргі таңда Испания, Еуроодақ төрағасы ретінде, Қазақстанмен серіктестік және ынтымақтастық туралы жаңа келісім жасау бойынша келіссөздер өткізуге мандат алу үшін Еуроодақтың барлық елдерімен келіссөз жүргізіп жатыр. «Аталған мандат туралы шешімнің, біздің Еуроодақтағы төрағалық аяқталғанға дейін, яғни 2010 жылғы шілденің 1-іне дейін қабылданатынын нақты айта аламын», - деп атап көрсетті М.А.Моратинос мырза өз сөзінде.
1995 жылдың қаңтар айында Президент Н.Назарбаев пен Еуроодақ Кеңесінің төрағасы А.Жюппе қол қойған Қазақстан Республикасы мен Еуроодақтың арасындағы серіктестік және ынтымақтастық туралы алғашқы келісім 1999 жылы шілденің 1-інде күшіне енген болатын. Ол келісім қазақстандық сыртқы саясаттың еуропалық векторын дамытуға қуатты серпін бергенін айта кету керек.