Еуропа АҚШ-тың Гренландия қатысты талаптарына жауап берді
АСТАНА. KAZINFORM — Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен мен Франция президенті Эммануэль Макрон Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форумда сөз сөйледі. Олар АҚШ-тың Гренландияға қатысты соңғы талаптарына түсініктеме берді, деп хабарлайды агенттіктің меншікті тілшісі.
Дүниежүзілік экономикалық форумда Дональд Трамп сәрсенбі күні, яғни бүгін сөз сөйлейді. Жиында Ақ үй басшысы әлі жақ ашпаса да, оның Гренландияны АҚШ-тың бақылауына беру туралы талабы форумның ашылуының басты тақырыбына айналып үлгерді.
Трамп жанжалға байланысты баж салығын салуға ниетті ЕО және басқа еуропалық елдер әлі де өздерінің жауаптарының күшін анықтауға тырысып жатыр.
Сейсенбі күні барлық назар Франция президенті Эммануэль Макрон мен Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйенде болды.
Макрон өз сөзінде Франция ғылымды қастандық теорияларынан, заң үстемдігінен — күш үстемдігінен, диалогтан — қауіптерден артық көретінін атап өтті. Ол халықаралық құқықтан жаһандық бас тартуға және империялық амбицияларға қайта оралуға қарсы екенін ескертті.
— Әлем халықаралық құқық бұзылатын және жалғыз заң күштілердің заңы болып көрінетін ережесіз әлемге ауысуды бастан кешіріп жатыр. «Жаңа отаршылдықты» қабылдау мағынасыз, — деп ашық айтты Франция президенті.
Сондай-ақ форумға қатысушылар Макронның күннен қорғайтын көзілдірік кигенін байқап, бұл оның көру қабілетінің нашарлығына байланысты болуы мүмкін екенін атап өтті.
Өз кезегінде Урсула фон дер Ляйен Еуропаның америкалық тарифтерге жауабын «батыл және орынды» деп жариялады.
Бұған дейін Еурокомиссия төрағасы АҚШ-тың қоқан-лоққыларын, әсіресе, одақтастар арасында «қателік» деп атаған болатын. Мұндай әрекеттер трансатлантикалық қарым-қатынастарды төмендеу спираліне түсіріп жіберуі мүмкін екенін айтып, Трампты одан сақтандырған еді.
— Біздің жауабымыз батыл, біріккен және орынды болады, — деді ол ЕО-ның ықтимал қарсы шаралары туралы.
Естеріңізге сала кетейік, Дональд Трамп Данияға тиесілі Гренландияға кез келген әдіспен бақылау орнатуға ниетті екенін мәлімдеген. АҚШ президенті бұған себеп ретінде ұлттық қауіпсіздік мүдделерін алға тартады.
Өткен демалыс күндері Трамп өз талаптарын орындаудан бас тартқаны үшін Еуропаның 8 елінен, соның ішінде Германиядан келетін тауарларға жаңа баж салығын жариялады. Сондай-ақ Ақ үй басшысы Макрон және Рюттемен арадағы жеке жазбаларын жариялады.