Еуропа басшылары Путиннің келіссөздер туралы ұсынысына қалай жауап берді
АСТАНА. KAZINFORM — Жексенбі күні Украинамен одақтас еуропалық елдер дерлік бірдей мәлімдеме жасап, бітім талаптарын ұстанатындарын атап өтті, деп хабарлайды BBC.

Франция президенті Эммануэль Макрон Ресей президентінің ұсынысын «алғашқы қадам, бірақ жеткіліксіз» деп атады.
— Бітім жайлы келіссөздерге дейін сөзсіз атысты тоқтату болмайды. Путин жол іздеп отыр, бірақ уақыт ұтқысы келеді, — деді Макрон Киевтен қайтып келе жатып, Пшемысль қаласында журналистерге.
Жексенбі күні таңертең Макрон өзінің Х желісіндегі жазбасында келіссөздер ұрыспен қатар жүре алмайтынын айтты.
— Киевте және президент Трамппен бірге біз нақты ұсыныс жасадық: дүйсенбіден бастап ешқандай шартсыз 30 күндік бітім. Президент Зеленский бұған келісті және ешқандай талап қойған жоқ. Қазір біз Ресейден дәл сондай айқын жауап күтеміз. Зеңбіректер атылып жатқанда келіссөз болмайды. Азаматтық халыққа бомба түсіп жатқанда келіссөз мүмкін емес. Келіссөз басталуы үшін бітім қазір керек, — деп жазды Макрон.
Макрон сияқты, Германия канцлері Фридрих Мерц те Путиннің сөздерін «жақсы белгі» деп атады, бірақ бұл «қажетті деңгейден тым алыс» екенін атап өтті.
— Біз Мәскеудің нақты келіссөз жүргізуге мүмкіндік беретін бітімге келіскенін күтеміз. Алдымен қару тынуы керек, содан кейін ғана пікірталас басталуы мүмкін, — делінген Мерцтің AFP агенттігі келтірген мәлімдемесінде.
Польша премьер-министрі Дональд Туск әлем ешқандай шартсыз, дереу бітімді күтіп отырғанын айтты.
— Біздің үндеуге жауап ретінде ресейліктер 15 мамырдан бастап бейбіт келіссөздерді ұсынды. Бірақ әлем ешқандай шартсыз, дереу бітімді күтіп отыр. Украина дайын. Құрбандар жеткілікті, — деп жазды Х желісінде.
АҚШ президенті Дональд Трамп Путиннің бастамасына тікелей пікір білдірген жоқ, бірақ сенбі күнгі оқиғаларды «Ресей мен Украина үшін үміт сыйлаған күн» деп атады.
— Бұл аяқталмай келе жатқан «қанды қырғын» тоқтаған соң, үміттенеміз, жүз мыңдаған адамның өмірі сақталады. Бұл — бұрынғыдан да жақсы жаңа әлем болады. Мен осыған қол жеткізу үшін екі тараппен де жұмыс істеуді жалғастырамын, — деп жазды ол.
Алайда Трамптың Truth Social желісіндегі жазбасынан оның неге үміттеніп отырғанын нақты түсіну қиын: Украина одақтастарының 30 күндік бітім туралы ортақ талабына ма, әлде атысты тоқтатудан бас тартқанына қарамастан Путиннің тікелей келіссөзге шақыруына ма.