Еуропа чемпионаты: 17 маусымда қай құрамалар ойнайды

еуропа чемпионаты
Фото: instagram.com/euro2024

АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатының төртінші ойын күні, 17 маусымда үш ойын өткізіледі.

Алдымен 18:00–де Е тобында Румыния мен Украина ойнайды.

Бәсеке Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Екі құрама қазірге дейін 6 мәрте кездескен. Оның 3-і румыниялық құраманың басымдығымен аяқталса, 7-де тең нәтиже тіркелді. Қалғанында украиналық футболшылар жеңіске жетті.

Құрлықтық додада Румыния бесінші мәрте бақ сынап отырса, Украина үшінші мәрте қатысуда.

Одан кейін Е тобындағы тағы бір кездесу Бельгия мен Словакия ойыны 22:00–ге белгіленген.

Кездесуді жанкүйерлер Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде тамашалай алады.

Қазірге дейін екі құрама 3 мәрте шеберлік байқасты. Олардың 2-де тең нәтиже тіркелсе, 1-де Бельгияның мерейі үстем болды.

Словакия әзірге аталған қарсыласын жеңе алмай келеді.

Словакия биыл құрлықтық дода финалдық сатысында үшінші мәрте ойнап жатса, Бельгия алтыншы мәрте келді.

Бүгінгі ойындарды сағат 23:55–те D тобындағы Австрия мен Франция кездесуі түйіндейді.

Матч Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Екі құрама қазірге дейін 29 мәрте кездескен. Оның 9-да Австрия жеңіске жетсе, 4-де тең нәтиже тіркеліп, қалғанында Франция басымдық танытты. 

Еуропа чемпионатына Австрия төртінші мәрте қатысуға мүмкіндік алса, Франция оныншы рет келді.

Еске салсақ, 16 маусымда С тобында Словения мен Дания 1:1 есебіне қанағат білдірсе, Англия Сербияны 1:0 есебімен тізе бүктірді.

D тобында Польша Нидерланд құрамасына 1:2 есебімен есе жіберді. 

Соңғы жаңалықтар