Еуропа чемпионаты: Франция жартылай финалға шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатында Франция жартылай финалға екінші жолдаманың иегері атанды.

Франция стала вторым полуфиналистом Евро-2024
Фото: sports.kz

Құрлықтық доданың тағы бір ширек финалында Франция мен Португалия жолықты. Кіл мықтылар жиналған қос құраманың кездесуі жанкүйерлер тарапынан ерекше қызығушылық танытқаны рас. 

Көпшілік көкейінде тәжірибелі Криштиану Роналду бастаған португалиялық футболшылар Францияның Килиан Мбаппе сынды жастарына қалай қауқар көрсете алады деген сауал бар еді.

Қос құрама өзара кездесуінде жанкүйер көңілінен шығарлық тартысты ойын өткізді. Десе де бірінші кезеңде таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ.

Негізгі кезеңде құрамалар 0:0 есебіне қанағат білдіріп, ойын қосымша кезеңге ұласты. Қосымша кезеңде жеңімпаз анықталған жоқ. Пенальтилер сериясында Францияның жолы болды.

Жартылай финалда 9 шілдеде Испания мен Франция кездеседі. 

Енді 6 шілдеде Англия мен Швейцария, Нидерланд пен Түркия кездеседі.

Еске салсақ, бұдан бұрын Испания құрамасы Германияны қосымша кезеңде 2:1 есебімен жеңіп, жартылай финалға жолдама алды.

Айта кетсек, Еуропа чемпионаты 1960 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Қазірге дейін Германия, Испания - 3, Италия, Франция - 2, КСРО, Португалия, Чехословакия, Нидерланд, Дания мен Грекия - 1 мәртеден жеңіс тұғырына көтерілді.

Соңғы жаңалықтар