Еуропа қазақтарының лебізі: Қазақстан 24 жылдың ішінде халықаралық деңгейде абыройы асқан елге айналды - А. Кесіжі

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні аясында Германияның Мюнхен қаласынан «ҚазАқпарат» агенттігіне Еуропа Қазақ Қоғамдары Федерациясының төрағасы, саясат ғылымдарының докторы Абдулқайым Кесіжіден хат келді.

Еуропа қазақтарының лебізі: Қазақстан 24 жылдың ішінде халықаралық деңгейде абыройы асқан елге айналды - А. Кесіжі

Ол өз хатында Қазақстанның 24 жылдың ішінде халықаралы деңгейде абыройы асқан елге айналғандығын зор мақтанышпен атап өткен.

«Ұлтымыздың ұлық мерекесі - Қазақстан тәуелсіздігінің 24 жылдығы құтты болсын! - деп бастаған өз хатын А. Кесіжі, - Ата-бабалардың сан ғасырлар бойы аңсаған арманы, асқақ мұраты - қазағымыздың бостандығы баянды болып, ұлтымыздың мәртебесі арта берсін!

Мемлекеттің өмірінде қас қағымдай-ақ қысқа мезгіл саналатын 24 жылдың ішінде Қазақстанның атақ-даңқы әлем бойынша артып, халықаралық деңгейде абыройы асқан елдердің біріне айналды. Тіпті ол, Еуропаның Қауіпсіздігі мен ынтымақтастығы Ұйымы және Ислам Конференциясы сияқты халықаралық деңгейдегі беделді ұйымдарға да басшылық жасады. Бұған қоса, Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде экономикалық-саяси даму жолына түсіп, үлкен белестерді бағындырды және өзіне әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарында орын алуды мақсат етіп қойды. Мұның бәрі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының арқасы деп білеміз. Президент Назарбаевтың жетекшілігінде Қазақстанның қарқынды түрде дами беретіндігіне және алға қойған мақсаттарына да жететіндігіне сеніміміз мол.

Шеттегі қазақтардың елдегі қазаққа айтар тілегі - қазақтың басындағы бақ-абыройы асқақтай түсіп, тәуелсіздігіміздің нышаны - Көк Туымыз мәңгіге желбірей берсін!» деп жазған.

Хат: «Жасасын Тәуелсіз Қазақстан!» деген ұранмен аяқталады.