Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Еуропа кеңесінің венециандық комиссиясының «Қазақстандағы сайлау үдерісін қолдау жобасы» қазан айында аяқталады

АЛМАТЫ. 26 маусым. ҚазАқпарат - «Қазақстанның сайлау туралы» заңының деңгейі әлемдік қоғамдастықта алдыңғы қатарда тұр.

Еуропа кеңесінің венециандық комиссиясының «Қазақстандағы сайлау үдерісін қолдау жобасы» қазан айында аяқталады

Бұл жайлы бүгін Алматыда өтіп жатқан «Сайлау үдерісі аясында даулар мен шағымдарды шешу. Халықаралық стандарттардың және жекелеген елдер тәжірибелерінің салыстырмалы талдауы» деп аталатын халықаралық конференцияда айтылды.

«Еуропалық одақтың қаржыландырумен 2011 жылдың желтоқсанынан бастап жүзеге асырылып келе жатқан «Қазақстандағы сайлау үдерісін қолдау» жобасы қазан айында аяқталады. Оның аясында түрлі конференциялар мен тренингтер өткізілуде. Мәселен 1-2 маусым күндері Астанада сайлау комиссияларымен жұмыс істеу үшін мамандар әзірлеу мәселесі бойынша алғашқы тренинг өтті. Оған шекаралық облыстардан 30 сайлау комиссиясының мүшелері қатысты. Енді 29-30 маусымда мұндай шара Алматыда болады», - дейді ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешов. Оның айтуынша, келесі тренинг Ақтөбеде өтпек. Сондай-ақ қыркүйекте  Астанада сайлау комиссияларының мүшелерін сайлау, сайлаушылар тізімін жасау, саяси партиялардың сайлау үдерісіне қатысуы туралы конференция ұйымдастырылмақ. Бұл шаралар кезінде халықаралық сарапшылар әлемдік қоғамдастықтағы озық үлгілер мен стандарттарды таныстырады. Оған прокуратура, сот, адвокатура және сайлау комиссиялары өкілдері қатысып жатыр. Олар алдағы сайлау үдерістері кезінде әлемдік тәжірибенің жетістіктерін өз жұмысына енгізуге мүмкіндіктері бар.

«Халықаралық сарапшылар Қазақстанның сайлау үдерісін дамытудағы белсенділігіне әрдайым жоғары баға беруде. Еліміздегі сайлау туралы  заңның деңгейі әлемдік қоғамдастықта алдыңғы қатарда тұр. Оны жетілдіру мен дамыту жұмыстары алдағы уақытта да өз жалғасын табуы тиіс. Бұл үздіксіз атқарылатын шара», - дейді Бақыт Сәрсенбайұлы.