Еуропа лигасы: «Ақтөбе» сырт алаңда «Легияға» есе жіберді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық «Ақтөбе» футбол командасы UEFA Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңінде Польшаның «Легия» (Варшава) командасымен алғашқы ойынын өткізді.

Кездесу барысында ақтөбелік клуб сапынан Оралхан Өміртаев 9-минутта гол соққан еді. Дегенмен төреші Оралханның ойыннан тыс қалғанын айтып, оны санаған жоқ. Есесіне 25-минутта Ваган Бичахчян соққан гол «Легияны» алға шығарды.
Қазақстандық команда таразы басын теңестіруге ұмтылды. Десе де көздеген мақсатына жете алмады.
Осылайша ақтөбелік клуб алғашқы ойында қарсыласына 0:1 есебімен есе жіберді.
Қарымта ойын 17 шілде күні өткізіледі.
Екі команда қазірге дейін бір мәрте кездескен еді. 2014 жылы Еуропа лигасы плей-офф сатысында польшалық футболшылар «Ақтөбені» (1:0, 2:0) қапы қалдырды.
Еске салсақ, бұдан бұрын алматылық «Қайрат» UEFA Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңінде сырт алаңда Словенияның «Олимпия» клубымен 1:1 есебімен тең түсті.
Айта кетсек, шымкенттік «Ордабасы» футбол командасы UEFA Конференция лигасының бірінші іріктеу кезеңінде Грузияның «Торпедо» (Кутаиси) командасына 3:4 есебімен есе жіберді.
Ал елордалық «Астана» аталған турнирді екінші іріктеу кезеңінен бастайды.