Еуропа лигасы: «Севилья» кубокты алтыншы мәрте жеңіп алды
Финалда Испанияның «Севилья» және Италияның «Интер» командалары кездесті.
Естеріңізге сала кетелік, жартылай финалда «Интер» Украинаның «Шахтерінен» 5:0, «Севилья» Англияның «Манчестер Юнайтедінен» 2:1 есебімен басым түскен болатын.
Бүгінгі кездесу өте тартысты өтті. Қос команда бірден-ақ шабуылға шықты. Нәтижесінде бірінші кезеңде таблода 2:2 есебі жанып тұрды. Ойынның 5-минутында «Севилья» қақпасына пенальти белгіленді. Оны «Интер» шабуылшысы Ромелу Лукаку мүлтіксіз орындады, Ал 12, 33-минуттарда испандық клуб сапынан Люк де Йонг қос голдың авторы атанды. Ал 35-минутта «Интер» ойыншысы Диего Годин таразы басын теңестірді.
Екінші кезеңде де командалар шабуыл шебінде көбірек бой көрсетті. Оның бірі қақпадан биік кетсе, ендігі бір сәтте қақпашы мен қорғаушылар тиянақты қимылымен көзге түсті. «Севилья» ойыншысы Диего Карлос тепкен доп Ромело Лукакудың аяғына тиіп кетті. Осылайша «Интер» өз қақпасына гол жіберіп алды. Ойында «Севилья» 3:2 есебімен басым түсті. Осылайша испандық клуб өзінің тарихында алтыншы мәрте Еуропа лигасы кубогына ие болды.
Айта кетейік, 23 тамызда UEFA Чемпиондар лигасының финалы болады. Онда Францияның «Пари Сен-Жермен» және Германияның «Бавария» командалары бақ сынайды.
Фото/sports.kz