Еуропа мен Америка: миллиардерлер саны қай елде жылдам өсіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Әлемдегі миллиардерлер санының үлесінде Еуропаның аздаған өсімі күтіледі, ал Америкада бұл көрсеткіш сәл төмендеуі мүмкін, дегенмен жалпы байлық көлемі арта береді. Euronews 2026–2031 жылдар аралығындағы миллиардерлердің көбею үрдісін талдаған.

Еуропа мен Америка: миллиардерлер саны қай елде жылдам өсіп жатыр
Фото: Canva

Долларлық миллиардерлер саны әлемде тұрақты түрде өсіп келеді және баяулау белгілері байқалмайды. Дүниежүзінде олардың саны 2021 жылғы 2 723-тен 2026 жылы 3 110-ға дейін өскен, яғни бес жылда 14 пайызға артқан.

Бұл қарқын алдағы уақытта одан әрі күшейеді деп болжанып отыр. Knight Frank Wealth Report 2026 есебіне сәйкес, келесі бес жылда миллиардерлер саны 26 пайызға өсіп, 2031 жылы 3 915 адамға жетеді.

Бұл өсімнің негізгі драйверлерінің бірі Еуропа болады деп күтілуде. Болжам бойынша, Еуропадағы миллиардерлер саны 2026 жылғы 780 адамнан 2031 жылы 994 адамға дейін өседі, бұл 27 пайыздық өсімді білдіреді.

— Біз қазіргі заман тарихындағы әлемдік байлықтың бөлінуіндегі ең ірі өзгерістердің біріне куә болып отырмыз, — деді Лиам Бейли.

Бірақ миллиардерлер саны ең жылдам қай елдерде өседі? Еуропаның бұл өсімі Америка елдерімен салыстырғанда қалай көрінеді?

Есепте ең жылдам өсім күтілетін 20 ел көрсетілген. Олардың сегізі — Еуропа елдері, олардың ішінде Солтүстік Еуропа мемлекеттері басым.

Осы тізімде бірінші орында Сауд Арабиясы тұр: онда миллиардерлер саны 183 пайызға өсіп, 23-тен 65-ке жетеді.

Еуропадағы өсімнің көшбасшысы — Польша. Онда миллиардерлер саны 13-тен 29 адамға дейін, яғни 123 пайызға артады.

Екінші орында Швеция тұр: онда өсім 81 пайыз болып, 32-ден 58 адамға дейін жетеді. Одан кейін Дания келеді, онда көрсеткіш 75 пайызға артып, 12-ден 21 адамға дейін өседі.

Норвегия Солтүстік Еуропаның ықпалын күшейтеді: онда миллиардерлер саны 17-ден 26-ға дейін (53 пайыз) өседі. Еуропада ең жылдам өсетін төрт елдің үшеуі Солтүстік Еуропаға тиесілі.

Аустрия елінде өсім 50 пайыз болып, 12-ден 18 адамға жетеді. Испанияда бұл көрсеткіш 40 пайызға артып, 53 адамға дейін өседі. Италияда миллиардерлер саны 61-ден 82 адамға дейін көбейеді.

Түркия үшін 31 пайыздық өсім болжанып отыр: 35-тен 46 адамға дейін.

Рейтинг бес жылдық өсім қарқыны бойынша жасалған. Сондықтан онда Ұлыбритания, Германия және Франция сияқты ірі экономикалар толық көрсетілмеген. Мысалы, Германия 2025 жылы Еуропада 171 миллиардермен көш бастаған.

Егер сол 20 елді 2031 жылғы жалпы миллиардерлер саны бойынша қарастырсақ, бірінші орынға Үндістан шығады — 313 миллиардер. Одан кейін Аустралия және Сингапур — әрқайсысында 85-тен.

Еуропа елдерінің ішінде Италия 82 миллиардермен көш бастап тұр. Швеция 58-ге жетіп, Испанияны (53) басып озады.

Лиам Бейли атап өткендей, геосаяси тұрақсыздық пен инфляцияға қарамастан, жеке капитал өте төзімді екенін көрсетіп отыр. Оның айтуынша, соңғы деректер әлем бойынша байлық жинаудың құрылымдық түрде жеделдегенін дәлелдейді.

2031 жылға қарай Еуропада миллиардерлер саны 780-нен 994-ке дейін өсіп, 1000 адамдық межеге жақындайды. Оның әлемдік үлесі 25,4 пайызға дейін артады.

Солтүстік Америка аймағында да миллиардерлер саны 995-тен 1 089-ға дейін өседі, бірақ оның үлесі 31 пайыздан 27,8 пайызға дейін төмендейді. Бұл — әлемде үлесі азаятын жалғыз өңір.

— Шын мәнінде, күрделене түскен жаһандық экономикалық жағдайда байлықтың шоғырлануы үдей түсті.  Өте бай адамдар әлдеқайда мобильді бола бастады, бірақ олардың инвестиция жасайтын және отбасын орналастыратын сенімді нарықтар саны азайып барады, — деді Рори Пенн.

Қауіпсіздік және заң үстемдігі

Есепте ең ауқатты отбасылар активтерін бірнеше орталыққа бөліп орналастыратыны айтылған — әдетте Америка, Еуропа және Азия-Тынық мұхиты аймақтарында. Мұндай әртараптандырудың себебі — қауіпсіздік пен заң үстемдігіне деген қажеттілік.

Айта кетелік Германияда байлыққа салынатын салық 140 млрд еуродан аса табыс әкелуі мүмкін