Германияда байлыққа салынатын салық 140 млрд еуродан аса табыс әкелуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Германияның Солшыл партиясы байлыққа салынатын салықты қайта енгізуді ұсынып отыр. Олардың есептеуінше, бұл салық жылына 147 миллиард еуродан астам табыс әкелуі ықтимал, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.
Tagesschau мәлім еткендей, Солшыл партия байлыққа салынатын салықты қайта жандандыруды ұзақ уақыттан бері көтеріп келеді. Бұл салықтың қолданылуы 1997 жылы тоқтатылған болатын.
Енді партия Германияның Экономикалық зерттеулер институтына (DIW) бұл бастаманың мемлекеттік бюджетке қанша қаражат әкелуі мүмкін екенін есептеуді тапсырған. Нәтижесінде, болжамды табыс көлемі жылына шамамен 147,4 млрд еуроны құрауы мүмкін.
Солшыл партияның есебінше, бұл қаражаттың есебінен, мысалы, Бавария жерінде жетіспей тұрған 470 мың пәтердің құрылысын қаржыландыруға, ал Тюрингияда балабақша қызметін тегін етуге болар еді.
Партия ұсынған модельге сәйкес, жеке тұлғалардың 1 миллион еуроға дейінгі, ал кәсіпорындардың 5 миллион еуроға дейінгі активтері байлық салығынан босатылады. Осы межеден асатын активтерге 1 пайыздық салық салынады. Ал активтер көлемі 50 миллион еуродан асса — 5 пайыз, 1 миллиард еуродан асса — 12 пайыз мөлшерлеме қолданылады.
Бұдан бұрын Германияда өз күнкөрісін қамтамасыз етуде қиындық көріп, кедейлік қаупіне ұшыраған адамдар саны артып келе жатқанын жазғанбыз.
Сонымен қатар Германияда дәрігерге жазылу үшін орташа күту уақыты 42 күнге жеткені белгілі болды.