Еуропада 400 мыңнан астам KitKat шоколады тиелген жүк көлігі іздестіріліп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Италиядан Польшаға бағыт алған 413 мың KitKat батончиктері тиелген жүк көлігі жолда жоғалып кетті, деп хабарлайды BILD

Еуропада 400 мыңнан астам KitKat шоколады тиелген жүк көлігі іздестіріліп жатыр
Фото: BILD

Мәселе F1 жаңа сериясының өнімдері туралы болып отыр. Компанияның мәліметінше, жүк көлігі өткен аптада Италиядан шыққан және Еуропаның бірнеше еліне тауар жеткізуі тиіс болған, алайда содан бері оның қайда екені белгісіз.

Nestle компаниясы бұл іс бойынша жергілікті билік органдарымен және логистикалық серіктестерімен бірлесіп тергеу жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Компания ұрланған тәттілердің бейресми арналар арқылы нарықта пайда болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Оларды штрихкодтар арқылы бақылау жоспарланып отыр: егер тауар сатылымға түсіп, кассада сканерленсе, өндірушіге хабар беретін арнайы жүйе қарастырылған.

Сонымен қатар, Nestle ұрланған өнімдерді анықтауға арналған Stolen KitKat Tracker құралын ұсынды. Оның көмегімен сатып алушылар тауардың сериялық нөмірін тексере алады. Компания бұл оқиға жеткізілімдерге әсер етпейтінін және тапшылық болмайтынын атап өтті.

Айта кетелік БАӘ, Кувейт, Сауд Арабиясы және Қатар Nestlе балалар тағамын кері қайтара бастағаны туралы жазған едік