17:42, 03 Маусым 2013 | GMT +5
Еуропадағы су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтар жоқ
АСТАНА. 3 маусым. ҚазАқпарат - Бүгінде Еуропада болып жатқан су тасқыны салдарынан зардап шегіп жарақат алған Қазақстан азаматтары жоқ. Бұл туралы бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Нұржан Айтмаханов мәлім етті.

«Қазіргі кезде Чехия сияқты Еуропаның бірқатар елдерінде су тасқыны салдарынан қауіпті жағдай қалыптасып отыр. Ресми мәліметке сәйкес осы уақытқа дейін зардап шеккендердің арасында Қазақстан азаматтары жоқ. Олар елге оралу туралы өтініш жасамаған. Ондай өтініштер түсетін болса, тиісті шаралар қолға алынатын болады»,-деді Н. Айтмаханов.
Айта кетейік, бүгінде толассыз жауған жаңбырдың салдарынан Чехияда төтенше жағдай енгізілді. Бірнеше адам қайтыс болып, біразы жарақат алды. Еуропаның Австрия және Германия сияқты мемлекеттерінде су тасқыны қаупі күшейіп тұр.