«Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасы соңғы жылдары табысты іске асырылған бастамалардың бірі - Е.Қазыханов

Бұл туралы бүгін Астанадағы «Қазақстан - Еуропа: Ынтымақтастықтың нәтижелері және жаңа көкжиектері» халықаралық конференциясында ҚР Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов айтты.
«Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасы Елбасының бастамасымен көтерілген және соңғы жылдары табысты іске асырылған, негізгі бастамаларға жатады» деп атап өтті министр. Осы орайда ведомство басшысы аталған бағдарламаның арқасында Еуропалық Одақ Қазақстанның алдыңғы қатарлы сауда және инвестициялық әріптес ретінде нығая түскенін айтып өтті.
«Бүгінде Қазақстанның сыртқы сауда айналымының 50 пайызы, сондай-ақ елімізге тартылған инвестициялардың 3-тен бір бөлігі Еуропалық Одақтың үлесінде. Атап айтқанда, 2011 жылдың 1-ші жарты жылдығында Қазақстанның сыртқы сауда айналымы Еуропалық одақпен арада 26 миллиард АҚШ долларына жуық қаржыны құрады (2010 жылы бұл көрсеткіш 18,6 миллиард АҚШ доллары болған еді)», - деді Е.Қазыханов.
Естеріңізге сала кетейік, 1993 жыл мен 2010 жылдың арасында Еуропалық одақтан Қазақстанға тартылған тікелей инвестиция 52 миллиард АҚШ долларынан астам қаржыны құрады. Айта кетейік, 2010 жылы Қазақстан нарығына Еуропалық инвестициялық банк кірген болатын. Бүгінгі конференция жұмысына Қазақстанның мемлекеттік органдарының, дипломатиялық корпустың өкілдері, депутаттар, еуропалық және қазақстандық сарапшылар, ЕҚЫҰ-ға мүше елдерден келген делегация өкілдері қатысуда.