Еуропалық одақ үшінші елдерге қатысты тікелей қайталама санкциялар енгізуі мүмкін бе

АСТАНА. KAZINFORM - Еуропалық одақтың санкциялар жөніндегі арнайы өкілі Дэвид О’Салливан Қазақстанға қатысты жаңа шектеу шаралары қарастырылмайтынын мәлімдеді.

Евросоюз
Фото: Anadolu

Оның айтуынша, Еуропалық одақ үшінші елдерге қатысты тікелей қайталама санкциялар енгізбейді.

- Біз үшінші елдердегі банктерге санкция салған кезде, бұл – сол банктер мен Еуропадағы корреспондент-банктер арасындағы операцияларға шектеу қою ғана, яғни оның әсері тікелей сол елдің банктеріне емес, біздің банктерге бағытталған, – деді ол.

Сонымен қатар ЕО қазіргі уақытта санкциялардың 20-пакетін қабылдау процесінде екенін атап өтті.

- Болашақта жаңа пакеттер де болады. Алайда қазіргі таңда Қазақстанға қатысты жаңа мәселелер анықталған жоқ. Дегенмен біз әрдайым қырағылық танытып, әлемдегі банктердің қызметін мұқият бақылап отырамыз, – деді Дэвид О’Салливан.

Ол Қазақстанға қатысты қандай да бір шұғыл шаралар жоспары жоқ екенін жеткізді. Сондай-ақ, арнайы өкіл Қазақстан экономикасына оң баға берді.

- Қазақстан экономикасы жақсы дамып келеді және айтарлықтай ілгерілеу бар. Мен елдің экономикалық болашағына қатысты біршама оптимистік көзқарастамын, – деді ол.

Бұған дейін Еуропалық одақ Қазақстан мұнайының экспортына кедергі келтірмейтінін жазғанбыз.