Еуропалық БАҚ өкілдері Қазақстанмен танысуда
АСТАНА. 9 қараша. ҚазАқпарат /Кенжеболат Жолдыбай/ - Астана өтетін ЕҚЫҰ Саммитінің қарсаңында ҚР Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның жетістіктерімен таныстыру мақсатымен еуропалық БАҚ өкілдері үшін баспасөз турын ұйымдастырды.
Олардың арасында Le Figaro француз газеті, күн сайын жарыққа шығатын Berliner Zeitung неміс газеті, New Europe апталық еуропалық газеті, испандық La Vanguardia газеті, апталық итальяндық IL Foglio Quotidiano газеті, KathPress, Radio Vatican және Radio Omega агенттіктері сияқты әлемдік БАҚ алпауыттары бар.
Осы бұқаралық ақпарат құралдарының журналистері ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, ҚР Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевпен, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының Басқарма төрағасы Қайрат Келімбетовпен, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжановпен кездесті.
Бүгін олар «Бас редакторлар клубының» мүшелерімен кездесіп, демократияландырудың өзекті мәселелері мен сөз бостандығын қамтамасыз ету туралы пікір алмасты. Қонақтарға біздің еліміздегі сөз бостандығына қатысты жағдай және БАҚ қызметімен байланысты мәселелер туралы толық ақпарат ұсынылды. Атап айтқанда, журналистердің БАҚ беттерінде нұқсан келтіретін ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жазаға тартылуын алып тастау бойынша Клубтың атқарып отырған қызметі туралы, елімізде оппозициялық баспасөздің еркін таралып отырғандығы турасында, сонымен қатар оппозициялық баспасөз таралымы мемлекеттік баспасөз санымен қатар тұрғаны жөнінде айтылды.
Мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізуге арналған мемлекеттік тапсырысты орналастыру бойынша тендер жүргізудің ерекшеліктері жөнінде нақты түсініктемелер берілді.
Кездесу барысында ақпарат алмасу бойынша бұдан да тығыз қарым-қатынас орнату қажеттілігі баса айтылды.