Еуропаның бірқатар елі Израильге қарсы жаңа санкциялар әзірлеп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Еуроодақ деңгейінде ортақ ұстаным қалыптаспай отырғандықтан, Франциямен қатар бірқатар еуропалық мемлекет жақын күндері Израильге қарсы жаңа санкциялар жарияламақ. деп хабарлайды Reuters агенттігі.

Еуропаның бірқатар елі Израильге қарсы жаңа санкциялар әзірлеп жатыр
Фото: Азертадж

Бұл шаралар Израиль қоныстанушыларының Иордан өзенінің Батыс жағалауындағы әрекеттеріне байланысты енгізілмек.

Reuters агенттігінің мәліметінше, Израильге қатысты қатаң шараларды қабылдау әрекеттері Еуроодақ ішінде бұғатталғандықтан, бірқатар мемлекет үйлестірілген ұлттық санкцияларды қазіргі жағдайда ең тиімді шешім деп санап отыр.

– Тиісті мәлімдеме алдағы бірнеше күнде жасалады, – делінген материалда.

Агенттіктің хабарлауынша, Батыс жағалаудағы зорлық-зомбылыққа қатысы бар тұлғаларға қарсы санкция енгізу бастамасын Франция барынша қолдап отыр.

Париж бұл мәселе бойынша Ұлыбритания және Норвегиямен өз әрекеттерін үйлестіріп жатыр.

Франция шенеуніктері Reuters агенттігіне берген түсініктемесінде мұндай қадам АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіс, сондай-ақ Израильдің Ливандағы әскери науқаны аясында Палестина мәселесін халықаралық күн тәртібінде сақтап қалуға бағытталғанын айтты.

Мамыр айының соңында Еуроодақ Израильдің қоныстандыру саясаты аясында палестиналықтардың құқықтарын бұзуға қатысы бар деп танылған бірқатар жеке тұлға мен ұйымға санкция енгізген-ді.

Израильдің Иордан өзенінің Батыс жағалауындағы қоныстандыру саясаты халықаралық қауымдастықпен және Палестина автономиясымен қарым-қатынастағы негізгі түйткілдердің бірі саналады.

Сондай-ақ бұл мәселе палестиналықтармен бейбіт келісімге қол жеткізу жолындағы басты кедергілердің бірі болып отыр. Палестиналық тарап бұл саясатты еврей мемлекетінің Палестина аумақтарындағы ықпалын нығайту әрекеті ретінде қабылдайды.

Айта кетейік, бұған дейін Тель-Авивтегі Еуроодақ делегациясы орналасқан ауданға зымыран құлағанын жаздық.

Сондай-ақ Еурокомиссия ЕО елдерін шекаралық бақылауды кезең-кезеңімен тоқтатуға шақырды.